Қазақстан XIX жазғы Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты
Қытайдың Ханчжоу қаласында XIX жазғы Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шара 80 мың адамға арналған «Үлкен лотос» деп аталатын олимпиадалық спорт түрлерінің орталық стадионында өтті.
Азиада-2023 ашылу салтанатына ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Азияның ондаған елдерінен шақырылған көшбасшылар мен лауазымды тұлғалар қатысты.
Ашылу салтанатында театрландырылған қойылымдар, цифрлы отшашу және Азия ойындарының алауын жағу рәсімі мен командалардың шеруі болды. Қазақстан құрамасының сапында бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов және жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының қола жүлдегері Надежда Дубовицкая Мемлекеттік Туды көтеріп шықты.
«Бүгін сары құрлық XIX Азия ойындарының ашылу салтанатын тамашалады. Біздің команданың алдында жанкүйерлердің үмітін ақтау және өткен Азиада нәтижелерінен асып түсу міндеті тұр. Қазақстан құрамасы бұл жарыстарға ұзақ уақыт дайындалды, бірақ жұмыс мұнымен аяқталмайды. Спортшылар медаль үшін күреседі, ал біз өз кезегінде шетелдік әріптестерімізбен бірқатар екіжақты кездесулер өткізуге ниеттіміз»,– деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Еске салсақ, Ханчжоудағы Азиадаға Қазақстаннан спорттың 30 түрінен 524 спортшы (262 ер және 262 әйел) қатысады. Оның 27-сі олимпиадалық бағдарламаға, қалған 3-і олимпиадалық емес спорт түрлерінен сынға түседі. Сонымен қатар, алдағы жарыстарда 8 спорт түрінен: бокс, садақ ату, қазіргі бессайыс, жүзу, брейкинг, көгалдағы хоккей, теннис және жеңіл атлетика бойынша Париж Олимпиадасына лицензиялар ойналады.
Жалпы алғанда, Азияның 45 елінен 15 мыңнан астам спортшы 40 спорт түрінен 481 медаль жиынтығына таласады.