Қазақстан жаһандық туризм рейтингінде өз орнын жақсартты
Дүниежүзілік экономикалық форумның (World Economic Forum) Саяхат пен туризмді дамыту индексіне сәйкес Қазақстан туристік бағыттар тізімінде 119 ел арасынан 52-орынды иеленді.
Айта кетейік, бұған дейінгі индексте Қазақстан 117 мемлекет арасынан 66-орынға орналасқан еді.
Біздің еліміз мына санаттар бойынша ең жоғары баға алды: бағалық бәсекеге қабілеттілік (2-орын), туризмнің әлеуметтік-экономикалық әсері (5), денсаулық сақтау және гигиена (23), табиғи (30) және мәдени ресурстар (48), сондай-ақ адами капитал мен еңбек нарығы (43) және туристік инфрақұрылым мен сервис (47).
Қазақстан Әзербайжан (56), Өзбекстан (78), Қырғызстан (102) сияқты елдерді басып озып, Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткішке ие мемлекет болды.
«Күн өткен сайын Қазақстан әлемдік туристік картадағы өз ұстанымын сенімді түрде бекітіп келеді. Біздің туризм индустриясын сапалы дамытуға деген ұмтылысымыз әсіресе, баға бәсекесіне қабілеттілік, қызмет көрсету сапасы және әлеуметтік-экономикалық әсерді қоса алғанда, әртүрлі критерийлер бойынша рейтингті жақсартуда көрініс тапқан. Бұл елімізде туризмді дамыту үшін қолайлы орта құру бағытындағы маңызды қадам»,- деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.