Қазақстанда 8-наурыз мерекесіне орай 200-ге жуық іс-шара өтеді
Мерекелік іс-шаралар бүкіл Қазақстан бойынша өтеді. Мәдениет мекемелері тарапынан түрлі концерттер, қойылымдар, кездесулер мен көрмелер өткізу жоспарланған.
8 наурыз күні елордада Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Гүл – көктем» атты актерлер өнер көрсететін хор концерті өтеді. Ал «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры барлық өнерсүйер қауымды «Аққу көлі» балетіне шақырады.
Алматы тұрғындары мен қонақтары осы жұмада Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қойылатын «Қызыл орамалды шынарым» спектаклін тамашалай алады. Михаил Лермонтов атындағы орыс драма театры екі спектакль сахналайды. Бірі – «Тифлисские свадьбы», екіншісі – «Вкус черешни» қойылымы.
Шымкент әзіл-сықақ және сатира театры да «Анасы бар адамдар…» атты мерекелік кеште өз қонақтарын күтеді. Қалалық орыс драма театрында неміс ақыны, драматургы Бертольт Брехттің пьесасы бойынша қойылған «Мамаша Кураж» спектаклінің премьерасы өтеді.
Ақтөбе облысында мерекелік іс-шара барлық аудандық мәдениет үйлерінде өтеді. Мұғалжар ауданында «Әлем әйелдермен әсем» концерті, Қарғалы ауданында «Арулар – аяулылар, ардақтылар» мерекелік бағдарламасы, Шалқар ауданында «Ана – гүл, ана – жыр, ана – өмір шуағы» салтанатты жиын-концерті және т.б. мерекеге орай іс-шаралар ұйымдастырылады.
Қарағанды қаласындағы академиялық музыкалық комедия театрында «Дарите женщинам цветы» атты концерт өтеді. 9 наурызда Теміртаудағы балалар мен жасөспірімдерге арналған театрда «Шикарная свадьба» спектаклінің мерекелік көрсетілімін тамашалауға болады.
Қызылорда облыстық филармониясында, Ш. Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясында, Павлодар қаласының Естай атындағы мәдениет сарайында концерттік бағдарламалар қойылады.