Қазақстанда алғаш рет мектеп KASE-де облигация шығарды

Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп (Shoqan School) Қазақстанда алғаш рет білім беру мекемесі ретінде Қазақстан қор биржасында (KASE) облигация орналастырды. KASE листингтік комиссиясы 2025 жылғы 22 мамырда облигацияларды ресми тізімге енгізу туралы шешім қабылдады.

Листингке облигациялар KZ2P00013881 коды бойынша, номиналы 1 000 теңге, жалпы көлемі 1 миллиард теңге және айналым мерзімі 3 жылдық болып қосылды. Облигациялар бойынша жылдық табыс 21,00% деңгейінде белгіленген, купон төлемдері тоқсан сайын жүргізіледі, ал пайыздарды есептеу әдісі – 30/360.

Ш.Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп 2020 жылы Алматы қаласында ашылды. Мектептің негізін қалаушылар – эколог Әсел Тасмағамбетова мен қазақстандық кәсіпкер Кеңес Ракишев. Қазіргі таңда мектепте 1200 оқушы білім алуда, сондай-ақ Shoqan School-да дарынды оқушыларға арналған гранттар қарастырылған. Мектептің ашылуынан бері негізін қалаушылардың қаражатынан 173 миллион теңгеден астам сомаға гранттар бөлінді.

2025 жылы Ш.Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің үш оқушысы Гарвард университетіне және Калифорния университетінің Беркли филиалына қабылданды. Бұл оқушылар мектепте алғаш рет іске қосылған Менторлық бағдарлама аясында оқуға түсті. Аталған бағдарлама мектептің негізін қалаушылар – кәсіпкер Кеңес Ракишев пен эколог Әсел Тасмағамбетованың бастамасымен жүзеге асырылуда.

«Облигацияларды шығару туралы шешім ұзақ мерзімді даму жоспарларын ескере отырып қабылданды. Сыртқы инвестицияларды тарту оқу ордасына тұрақты даму саласында бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді және Қазақстанның дарынды оқушыларын қолдауды жалғастыруға жол ашады», – деді эколог, Ш.Уәлиханов атындағы жеке мектептің негізін қалаушы Әсел Тасмағамбетова.

Облигацияларды шығару бойынша қаржылық консультант – Алматы қаласындағы «Teníz Capital Investment Banking» акционерлік қоғамы. Облигациялардың сауда коды – SWPSb1.

Құнды қағаздарды қор нарығына шығару білім беру инфрақұрылымын кеңейту және ұзақ мерзімді стратегиялық жобаларды жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Листингтік комиссияның шешімі күшіне ену күні мен облигациялар бойынша сауданың басталу күні қосымша хабарланатын болады. Құжаттың толық мәтіні мен қосымша ақпаратты KASE ресми сайтынан алуға болады.