Қазақстанда ауқымды гипермасштабталатын деректерді өңдеу орталықтары салынады

AlmatyFair.ai көрмесі аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапурдың «GK Hyperscale Ltd» компаниясы арасында екі гипермасштабталатын деректерді өңдеу орталықтарын (ДӨО) салу және пайдалану бойынша инвестициялық келісімге қол қою рәсімі өтті. Келісімге ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен «GK Hyperscale Ltd» компаниясының бас директоры Майкл Дикерсон қол қойды.

ДӨО құрылысына 1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, олардың жиынтық IT қуаты 200 МВт болады. ДӨО-лар Tier 3 деңгейіне сәйкес келеді.

ДӨО бұлттық технологиялар, жасанды интеллект және жоғары өнімді есептеулер (HPC) салаларының дамуына негіз болады. Жобаны жүзеге асыру барысында 360-тан астам жоғары білікті жұмыс орны ашылады, ал қазақстандық қамту үлесі кемінде 1,2 миллиард АҚШ долларын құрайды – бұл отандық компаниялардан тауарлар мен қызметтерді сатып алу.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, ДӨО-ның кірісінің кемінде 50%-ы экспорттық келісімшарттардан түседі.

«Осындай ауқымды және сапалы жоба Microsoft, Google және Amazon сияқты халықаралық технологиялық алпауыттарды, сондай-ақ үлкен деректермен және жасанды интеллектпен жұмыс істейтін компанияларды тартуға ықпал етеді. Жобаны жүзеге асыру Қазақстанның Орталық Азиядағы цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтып, IT қызметтер экспортын одан әрі дамытуға жағдай жасайды», – деді министр Жаслан Мәдиев.

Электр стансасын сатып алу мен жаңғыртуға, сондай-ақ жел электр станциясын және энергия сақтау жүйесін салуға қосымша  1,2 млрд АҚШ доллар инвестицияланады.

Құрылыс 2026 жылдың 1-тоқсанында басталып, ДӨО-ның алғашқы модулін 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

ҚР ЦДИАӨМ Баспасөз қызметі