Қазақстанда біріншілік иммунитет тапшылығы бар науқастардың саны артып барады
Алматыда Қазақстандағы біріншілік иммунитет тапшылығына (БИТ) диагностика жасау және емдеу мәселелеріне арналған баспасөз конференциясы өтті. Халықаралық зерттеулердің мәліметтеріне сәйкес біріншілік иммунитет тапшылығы диагнозы 10 000 адамның біреуіне қойылады. Алайда сарапшылар диагностиканың жеткілікті дәрежеде жүргізілмеуіне байланысты нақты жағдайлар саны айтарлықтай жоғары болуы мүмкін деп болжап отыр.
Қазақстанда БИТ мәселесі өзекті болып отыр, себебі, жыл сайын бірнеше ондаған жаңа жағдайлар анықталады, бірақ көптеген науқастарға диагностика жасалмайды.
Жалпы әлемдегі көрсеткіштерге сәйкес Қазақстанда біріншілік иммунитет тапшылығы диагнозы болуы мүмкін шамамен 2000 адам болуы тиіс.
Қазақстандағы өзекті мәселе біріншілік иммунитет тапшылығының нашар диагностикасы болып табылады, оған көбінесе медицина қызметкерлерінің және ата-аналардың БИТ белгілері туралы аз білуі себепші. Орташа алғанда БИТ диагностикасы алғашқы симптомдар пайда болған сәттен бастап 5 жылдан 7 жылға дейін уақыт алады. Жағдайлардың 70%-дан астамында диагноз 20 жасқа дейін қойылады.
БИТ — генетикалық ақаулардан туындаған сирек, бірақ ауыр иммундық жүйе сырқаттарының тобы. Мұндай сырқаттардың нәтижесінде ағза инфекциялармен тиімді күресуге қабілетсіз бола бастайды, сөйтіп өмір сапасы айтарлықтай төмендейді, ал кейбір жағдайларда науқастың өміріне қауіп төндеді. БИТ белгілері ерте жастан да пайда болуы мүмкін (науқастардың 40%-ына диагноз 18 жасқа дейін қойылады), бірақ кейде диагноз ересек жаста ғана қойылады. Ең жиі кездесетін белгілері: қайталана беретін инфекциялар (пневмония, синусит, отит), ұзақ жазылмайтын жаралар, балалардың өсуі мен дамуының баяулауы, созылмалы қабыну аурулары, аутоиммундық бұзылыстар.
Алматы қ. Республикалық аллергология орталығының басшысы Арай Батырбаеваның айтуынша БИТ сырқатына ерте диагностика жасау денсаулыққа келетін ауыр зардаптардың алдын алуда маңызды рөл атқарады екен. Уақытылы анықтау және емдеу инфекциялық асқынулардың санын азайтуға, ішкі органдардың ауыр зақымдануын болдырмауға, сондай-ақ науқас пен оның отбасының өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
«БИТ белгілері бар балалар үшін емдеудің мақсаты инфекциялардың алдын алу болып табылады, қол гигиенасын сақтау және басқа науқас адамдардан аулақ жүру маңызды. Жиі немесе ауыр бактериялық инфекциялармен ауыратын балаларға кейде профилактикалық мақсатта антибиотиктер тағайындалады. Кейбір жағдайларда, тіпті профилактикалық антибиотиктер қабылдаған кезде де қайталана беретін немесе ауыр инфекциялары бар балаларда иммуноглобулиндермен алмастыру терапиясын қолдануға болады», — деп атап өтті Алматы қ. Республикалық аллергология орталығының басшысы Арай Батырбаева.