Қазақстанда фермерлерге арналған білім жобасы таныстырылды
Білім саласындағы цифрлы технологияларға арналған EdCrunch жаһандық конференциясының аясында Aitas Agro холдингі ауыл шаруашылығы туралы білімнің сапасын арттыруды мақсат еткен Agrisen жобасының іске қосылғаны туралы мәлімдеді. Жоба Қазақстанның аграрлық секторында сапалы адами капиталды қалыптастыру және дамыту жолында агро саласындағы бизнесті, білім мекемелерін және халықаралық сарапшыларды біріктіріп отыр.
Aitas Agro стратегия және маркетинг жөніндегі директоры Әлия Сванованың айтуынша, жобаның басты мақсаты – фермерлердің білікті кадрларға деген шын қажеттілігі мен аграрлық университеттер және колледждердегі жастарға берілетін білім арасындағы қашықтықты қысқарту.
«Заманауи ауыл шаруалығы – жоғары технологиялық сала, ал білім беру бұрынғыша қалып отыр. Мысалы, бірде-бір жерде цифрлық ауыл шаруашылығын үйретпейді. Біз халықаралық серіктестермен байланыс орнаттық, олардың қатарында бірінші кезекте Францияның Ауыл шаруашылығы министрлігін, канадалық Саскачевандағы Политехникалық университетті атауға болады. Серіктестеріміз қазақстандық аграрлық жас кадрларға заманауи білім беруге дайын», — деп атап өтті Әлия Сванова.
Жобаның алғашқы қатысушысы – Шемонаиха колледжінің (ШҚО) соңғы курсында оқитын студенттер. Оқу бағдарламасының негізгі модуліне цифрлық агро пәндері, яғни Farm Management System, IoT & Метеостанциялар, нақты жер өңдеу және data менеджмент қағидаттары кіреді.
Келесі модуль инженерияға, атап айтқанда «ақылды» техникаға, нақты жер өңдеу құралдарына техникалық қызмет көрсету негіздеріне, автопилоттар мен навигацияға арналған.
«26 болашақ механизатор заманауи трактор мен басқадай техникаға қойылған негізгі цифрлық құрылғылар туралы ақпарат алды, сонымен қатар бұл білімді іс жүзінде байқап көрді», — дейді Сванова.
Оқу барысында жоба қатысушыларына заманауи агроөндірістік кешенде табысты жұмыс істеуге қажет әмбебап дағдылар (soft skills) туралы мәлімет те берілді. Жобаның тағы бір ерекшелігі — нақты бизнес орындарында жұмысқа тұруға және тағылымдамадан өту мүмкіндігі.
Aitas Argo ұжымы Agrisen білім жобасының агроөндірістік кешеннің тиімділігін арттыруға және отандық ауыл шаруашылығына деген қазақстандықтардың сенімін қайтаруға көмектеседі деп сенеді.