Қазақстанда Каспий итбалығы туралы ашық дереққор құрылады

Жетекші әлемдік ғалымдардың ғылыми зерттеулері, қадағалау бергіштерінің мониторинг деректері, Каспий эндемигін талдау нәтижелері ашық ақпараттық базада жинақталады деп жоспарланып отыр.
Жобаны 10 жылдан бері Каспий теңізіндегі экологиялық ахуалдың нашарлауы проблемасымен айналысып келе жатқан және Каспий итбалығының популяциясын сақтау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты (CAIER) іске асырады.
Осы уақыттың ішінде теңіздегі биоалуантүрлілік саласында жұмыс істейтін халықаралық ғалымдардың қатысуымен 9 экспедиция жүргізілді. Бұл ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында алыған деректер Каспий теңізінде апатты экологиялық жағдай қалыптасқанын көрсетіп, Каспий итбалығын Қазақстанның Қызыл кітабына енгізуге негіз болды.
«Каспий итбалығы популяциясының азаю себептерін зерттеу үшін ғылыми зерттеулерге қолжетімділік қажет, ал олардың көпшілігі қазіргі уақытта бөлек-бөлек және қол жеткізуге қиын. Біздің институтымыздың ғалымдары ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген 10 жылдың ішінде бірегей талдау жасалып, кең ауқымды дерекқор жиналды. Біз ашық big date құруды жоспарлап отырмыз, ол отандық және халықаралық ғалымдарға Каспий итбалығын және бүкіл Каспий маңы аймағын сақтап қалу үшін күш-жігерімізді біріктіруге мүмкіндік береді», — деп есептейді эколог, Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының негізін қалаушы Әсел Тасмағамбетова.
Ақпан айының басында CAIER Каспий теңізіне жүргізген кезекті ғылыми-зерттеу экспедициясы аяқталды, оған Ұлыбритания, Қазақстан және АҚШ ғалымдары, сондай-ақ BBC халықаралық телеарнасының түсіру тобы қатысты.
Экспедиция барысында сырқаттанған Каспий итбалықтарына ветеринарлық жәрдем көрсетіліп, судың, қар жамылғысының сынамалары алынып, бірқатар бірегей сараптама жүргізілді.
Сондай-ақ жануарларға жеңілдетілген биометриялық бақылау бергіштері орнатылды.
Каспий итбалығы мониторингін жүргізу аспаптарын KAUST университетінің электротехника және есептеуіш техника профессоры Халед Салама, доктор Эккард Ле Ру және Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығының (CAIER базасында құрылған) бас ғылыми қызметкері, доктор Алтынай Қайдарова жасаған.
Бергіштерде үш спутниктік модуль және бір LoRa модулі бар және ол итбалықтардың табиғи мінез-құлқына араласуды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсілдеме жануарлардың мінез-құлық паттерніне айтарлықтай әсер етпестен температура, қысым/тереңдік, GPS орналасуы, жүру жылдамдығы, бағдары және өткізгіштік туралы нақты деректердің алынуын қамтамасыз етті.
Ескекаяқтылардың жетекші әлемдік зерттеушісі, CAIER экспедициясына қатысқан профессор Даниель Коста өз кезегінде жасалған талдау Каспий итбалығы популяциясының азаюын зерттеуге елеулі үлес қосады деп есептейді:
«Коста лабораториясы 2025 жылғы экспедиция кезінде Каспий итбалықтарынан әртүрлі биологиялық үлгілерді ынтамен жинады. Біз талдау нәтижелерін тағатсыздана күтеміз, өйткені бұл итбалықтардың қан көлемін, стресс физиологиясын, тамақтануының мінез-құлық ерекшеліктерін, көбеюге жұмсайтын энергея шығынын, гематологиялық көрсеткіштерін, сүтінің құрамын және т.б. көп нәрсені тереңірек түсінуімізге көмектеседі. Бізді осы экспедицияға қатысуға шақырғандарыңыз үшін алғыс айтамыз және осы бірегей түрдің экологиясы мен денсаулығын зерттеуді қуана жалғастырамыз».
Қазіргі уақытта барлық сынамалар жоғары технологиялы лабораторияға зерттеуге жіберілді. Талдау нәтижелері Каспий итбалығының тіршілік әрекеті туралы бірыңғай дерекқорға енгізіледі деп жоспарланып отыр.