Қазақстандағы ішкі туризм 2024 жылдың бірінші тоқсанында жақсы нәтиже көрсетті

Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-наурыз аралығында 1 млн 493 мың қазақстандық ел ішінде саяхаттаған. Ішкі туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 145 мың адамға көбейді.

Алматы, Астана және Шымкент қалалары жалпы ішкі туристер үлесінің 46%-ын тарта отырып, ішкі туристік бағыттар арасында көшбасшы атанды. Сондай-ақ, өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда Қазақстанның 14 өңірінде туристер санының өскені байқалды. Әсіресе, 187%-ға өсім көрсеткен Батыс Қазақстан облысы ерекше көзге түсіп отыр.

«2024 жылдың бірінші тоқсанында ішкі туризм көрсеткіштерінің айтарлықтай өскенін көріп отырмыз. Бұл – туристік инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытындағы мақсатты жұмысымыздың нәтижесі. Біз Қазақстанды әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер үшін одан да тартымды етуге тырысамыз. Сондай-ақ ішкі саяхаттар үшін қолайлы жағдайлар жасай отырып, осы секторды серпінді дамытуды жалғастырамыз», – деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.