Қазақстандағы никотин саясаты: реттеу реформасы, күтпеген нәтижелер және халықаралық тәжірибе

Қазақстанда соңғы жылдары темекі және никотин өнімдерін реттеу саясаты айтарлықтай қатаңдатылды. Дегенмен, қабылданған шаралардың тиімділігі мен олардың шынайы нәтижесі туралы пікірлер екіұшты болып отыр. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз жиынында «Стратегия» қоғамдық қоры таныстырған жаңа зерттеуінде айтылды.

Зерттеу «Қазақстандағы темекіге қарсы шаралар және темекі зиянын азайту стратегиясын қабылдаған елдердегі жағдаймен салыстырмалы талдау» тақырыбында жүргізілген. Авторлар 2025 жылғы маусым–шілде айлары аралығында жүргізілген талдау нәтижесінде Қазақстандағы реттеу саясатының даму бағытын және оның мінез-құлықтық әсерлерін бағалады.

Соңғы үш-төрт жылда Қазақстан темекі шегуге қарсы бірқатар шектеу енгізді:

  • айыппұл мөлшері артты;

  • тыйым салынған нормалар кеңейді;

  • темекі өнімдерін сөрелерде ашық қоюға шектеу қойылды;

  • акциздік мөлшерлемелер өсті;

  • темекі сатып алу жасы 21-ге көтерілді;

  • электронды темекі мен вейптерге толық тыйым салынды.

Бұл үрдіс Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) «баламасыз» тәсілімен сәйкес келеді – яғни барлық никотин өнімдерін тең деңгейде қарастыру және олардың айырмашылығын елемеу. Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәсіл баламалы өнімдерді заңды нарықтан ығыстырып, тұтынуды көлеңкелі айналымға ауыстырады.

Зерттеу деректері бойынша, ересек тұрғындар арасындағы темекі шегушілердің үлесі соңғы жылдары 18–20% шамасында қалып отыр. 2025 жылы Қазақстанда тұтынылған темекі саны шамамен 12 миллион данаға жуық, яғни шылым шегу деңгейі айтарлықтай азаймаған.

Авторлар мұны «қатаң тыйымдарға қарамастан мінез-құлықтың өзгермеуі» деп бағалайды. 2024 жылы электронды темекіге тыйым салынса да, 2025 жылы олардың тұтыну үлесі қайта өсіп, апталық деңгейде шамамен 10% құрады.

«Зерттеу нәтижелері қазіргі тыйымдардың тиімділігін дәлелдей алмады. Қазақстанның тәжірибесін темекі зиянын азайту стратегиясын енгізген елдермен салыстыру маңызды. Ұлыбритания, Жаңа Зеландия және Швеция секілді елдер дәстүрлі темекіден баламалы, түтінсіз өнімдерге көшу арқылы шылым шегушілер санын едәуір азайта алды», — дейді «Стратегия» ҚҚ президенті Гүлмира Илеуова.

Мысалы, Ұлыбританияда темекі шегу деңгейі 12 жыл ішінде 20,2%-дан 11,9%-ға дейін, ал Жаңа Зеландияда 16,4%-дан 6,9%-ға дейін төмендеген. Швецияда бұл көрсеткіш 5%-ға дейін қысқарған, ал Жапонияда темекі қыздыру жүйелерін енгізу нәтижесінде соңғы он жылда сатылым көлемі 50%-дан астам азайған.

«Стратегия» сарапшыларының айтуынша, Қазақстанда енгізілген қатаң тыйымдар кей жағдайларда кері әсер берген:

  • дәстүрлі темекіге қайта оралу артқан;

  • кальян тұтыну жиілеген;

  • заңсыз өнімдер мен құрылғылар айналымы өскен;

  • кальянның «зиянсыз» екені туралы мифтер кең тараған.

Бұл құбылыс «ақпарат тапшылығының» салдары деп түсіндіріледі. Тұтынушылардың 93%-ы сенімді ақпарат іздейді, ал ол болмаған жағдайда өз бетінше қате пайымдар жасайды.

Зерттеу авторлары Қазақстанның реттеу саясатының кейбір тиімді қадамдарын да атап өтті:

  • темекі өнімдерін 21 жасқа дейінгі азаматтарға сатуға тыйым салу;

  • сөрелерде өнімді ашық қоюды шектеу;

  • заңсыз өнімге қарсы Track&Trace жүйесін енгізу.

Алайда негізгі әлсіз тұстар қатарында:

  • қауіп деңгейін ескермейтін теңестіру саясаты;

  • ақпараттық түсіндірудің жеткіліксіздігі;

  • көлеңкелі нарықтың кеңеюі (контрабандалық өнім тәркілеу көлемі 120%-ға артқан).

Сарапшылардың пікірінше, ақпаратсыз тыйым салу тиімді нәтиже бермейді. Темекі шегушілерге өнімдер арасындағы айырмашылық, қауіп деңгейі және зиянды азайту тәсілдері туралы ғылыми негізделген, нақты ақпарат ұсынылуы тиіс.

«Тиімді саясат – қауіп деңгейіне қарай реттеу, ал жастарды қорғау үшін жас шектеуі мен жарнамаға толық тыйымды сақтау қажет. Әйтпесе, жалған түсініктер мен көлеңкелі нарық темекіге қарсы күрестің өз мақсатын жоққа шығарады», — деді «Стратегия» ҚҚ жобалар үйлестірушісі Азат Мұхамедиев.

Telegram-канал: Қазақстандағы никотин саясаты: реттеу реформасы, күтпеген нәтижелер және халықаралық тәжірибе