Қазақстандағы туризмнің дамуы және жазғы маусымға дайындық туралы айтылды

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстандағы туризмнің дамуы және жазғы маусымға дайындық туралы баспасөз конференциясы өтті. Баспасөз конференциясына ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Ғалымұлы Карипбаев және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы қатысты.

Қазақстандағы туризмнің дамуы және жазғы маусымға дайындық туралы

 Қазақстан 2024 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның (World Economic Forum) саяхат және туризмді дамыту индексі бойынша 119 елдің ішінде 52-орынға ие болды. Бұл рейтинг саяхат және туризм саласындағы елдердің туристік әлеуетіне баға береді. Қазақстан көрсеткіштері соңғы жылдары айтарлықтай жақсаруда. Екі жыл бұрын Қазақстан 66-орында, ал 2019 жылы 80-орында болған. Ұзақ мерзімді мақсат – 2029 жылға дейін осы рейтингте үздік 50 елдің қатарына кіру. Қазіргі таңда бұл мақсатқа небәрі екі қадам жақын қалды. Рейтингтегі жақсартулардың ішінде бағалық бәсекеге қабілеттілік, қызмет көрсету сапасы және әлеуметтік-экономикалық әсерлер көрсеткіштері бар. Бұл жетістіктер орталық мемлекеттік органдардың, акиматтардың, қауымдастықтар мен бизнестің, сондай-ақ басқа да сала өкілдерінің үйлесімді жұмысының нәтижесі екендігін ерекше атап өткен жөн.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, туристік сала пандемиядан кейін толығымен қалпына келіп, негізгі туризм көрсеткіштері бойынша тарихи максимумға жетті. 2023 жылы Қазақстанға 9,2 миллион шетелдік азамат келді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп (4,7 миллион адам). Ел ішінде 9,6 миллион қазақстандық саяхат жасап, өткен жылмен салыстырғанда 1 миллион адамға артып отыр. Туристік қызмет көрсету орындары 229 миллиард теңгеден астам сомаға қызмет көрсеткен. Бұл өз кезегінде 2022 жылмен салыстырғанда 1,3 есе көп (182,9 миллиард теңге). Туризм саласынан бюджетке салық түсімдері 450 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 64 миллиард теңгеге артқан. Бұл динамика туристік саланың оң даму тенденцияларын көрсетеді.

2023 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 787 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 53% өсті. Алғашқы тоқсанның нәтижелері де оң динамиканы көрсетіп, инвестициялар көлемі 177 миллиард теңгеге жетіп отыр (2023 жылы — 62,6 миллиард теңге). Өткен жылы Қазақстанда 117 жаңа туристік нысан ашылып, олардың жалпы құны 57,1 миллиард теңгені құраған. Бұл нысандар 1 330 тұрақты және 1 859 уақытша жұмыс орындарын қамтамасыз еткен. Ең ірі нысандардың қатарына 4,5 млрд. инвестиция тартқан Катонқарағай ауданындағы демалыс базасы, 4 млрд. тенгеге Қонаев қаласындағы демалыс орны, сондай-ақ 3 млрд. тенгеге ойын-сауық және сауықтыру кешені кіреді.

Жалпы қазіргі уақытта 297 инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда, олардың жалпы сомасы 433,3 миллиард теңге. Осы жобалардың толық орындалуы нәтижесінде 7 647 жұмыс орны құрылып, оның ішінде 3 219 тұрақты жұмыс орындары, 4 428 уақытша жұмыс орындары пайда болады. 2024 жылдың соңына дейін 148 жобаны аяқтау жоспарланып отыр, олардың жалпы құны 246 миллиард теңге болады. Бұл жобалар 2 457 жұмыс орны қамтамасыз етеді.

Туризм саласындағы инвестициялық әлеуетті арттыру үшін, осы жылдың басында ең перспективті туристік аумақтар тізімі 20-ға дейін кеңейтілді, және әр аймақта өсу нүктелері анықталды.

2023 жылы туризм саласындағы мемлекеттік қолдау көлемі 8 есеге артып, жалпы сомасы 800 миллион теңгеден асатын жобалар мақұлданды. Бұл жобалардың жалпы инвестиция көлемі 5 миллиард теңгеден астам, оның ішінде санаторийлер, балалар лагерлері, қонақ үйлер және жол бойындағы сервис объектілері бар. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасуда. Жаңа бастамалардың бірі — халықаралық франшизаға ие қонақ үйлер үшін жеңілдетілген несиелеу мерзімін 7 жылдан 10 жылға дейін ұлғайтылды.

2023 жылы туристік дестинациялардағы инфрақұрылымдық жобаларды орындау да жақсы динамика көрсетті 2023 жылы киелі орындар мен табиғи көрнекті жерлерге апаратын 200 км автомобиль жолдары салынды. Алматы қаласындағы жаңа әуежай терминалы ашылды. Сонымен қатар, Шымкент пен Қызылорда қалаларында жаңа әуежай терминалдарының ашылуы жоспарлануған.

Экотуризмнің дамуына да ерекше назар аударылды. Өткен жылы ұлттық парктерді 2,4 миллионнан астам адам келіп көрді. Қазақстанда 16 визит-орталық жұмыс істейді, олардың жетеуі ұлттық парктер аумағында орналасқан. 2024 жылы Алматыдағы Бутаковка мен Үлкен Алматы көлінде жаңа визит-орталықтар ашылады деп күтілуде. Бұл орталықтар туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экологиялық туризмді дамытуға көмектеседі.

Жазғы маусымға дайындық барысында соңғы жылдарда туристік дестинацияларда 264 санитарлық-гигиеналық құрылғы орнатылды. Бұл туристердің жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды қадам. Сонымен қатар, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салған кәсіпкерлердің 10% шығындары мемлекет есебінен өтеледі.

Қазақстанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында Берлинде, Дубайда және Шанхайда ірі туристік жәрмеңкелерде презентациялар өтті. The New York Times басылымы Алматы қаласын ТОП-52 әлемдегі үздік туристік бағыттар қатарына енгізсе, ал Conde Nast Traveler, Wanderlust және басқа да беделді басылымдар Қазақстанды өз таңдаулы туристік дестинаиялар тізіміне қосты.

2024 жыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы деп жарияланды. Осыған орай, наурыз айының соңында Бейжіңде туризм жылының ашылу салтанаты өтті, оған 300-ден астам туристік бизнес өкілдері қатысты. Жыл бойы Қытайдың жеті ірі қаласында қазақстандық туризмді таныстыру бойынша 30 астам шаралар өтеді.