Қазақстандағы витилигоны емдеудің тиімді әдістері аурудың деңгейін төмендетуде
27-29 маусымда Көкшетауда ҚР ДСМ «Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК (ҚДИАҒО) «Дерматовенерологтар, дерматокосметологтар және лепрологтар қоғамы» ҚБ-мен серіктестікте «Дерматовенерологтардың, дерматокосметологтардың және лепрологтардың 20 өңірі» атты танымдық ғылыми-практикалық өңірлік семинарын ұйымдастырды.
Іс-шара Дүниежүзілік витилиго күні аясында саланың белгілі отандық мамандары мен ғалымдарының, сондай-ақ жас дәрігерлердің қатысуымен болып өтті. Еліміздің барлық өңірлерінен және Қырғыз Республикасынан 120 делегат қатысты. Іс-шара дәстүрлі түрде 2015 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді және қазірдің өзінде танымал ғылыми-практикалық байланыс алаңына айналды. Дәл осы жерде тері ауруларының жетілдірілген емдеу әдістері алғаш рет ұсынылды. Форумдардың бірінде витилигоны емдеудің инновациялық әдісі — тар жолақты фототерапия ұсынылды, ол бүгінде тәжірибеге сәтті енгізілген. ҚДИАҒО мамандары Витилиго және тері саулығы орталығының әріптестерімен бірлесіп, эпидермальды жасушаларды трансплантациялау әдісімен витилигосы бар пациенттерді емдеу бойынша Орталық Азиядағы көшбасшылар болып табылады.
— Осы озық әдістердің арқасында соңғы бес жылда Қазақстанда витилиго ауруы 1,2 есеге жуық төмендеді. Мерез және гонореямен сырқаттанушылықтың жаңа жағдайларының азаюының айқын үрдісі байқалуда. Еліміздегі жағдайды жақсарту үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес жыныстық жолмен берілетін инфекциялармен (ЖЖБИ) ауыратын науқастарға медициналық көмекті ұйымдастыру стандарты әзірленді, клиникалық хаттамалар жаңартылды, мерезді диагностикалау алгоритмі өзгертілді, — деп атап өтті ҚДИАҒО директорының м.а. Ботагөз Тұрдалиева.
Жақында емдеу мекемелерінде ашылған дерматовенерологиялық қызметтің мамандары: подолог, трихолог, стоматологы бар мамандандырылған кабинеттер жақсы нәтижелер көрсетуде. Пациенттер арасында дерматохирургия, дерматоонкология, психодерматология және жыныстық денсаулық кабинеттері сұранысқа ие болып жатыр.
Соңғы жылдардағы білім беру саласындағы жаңалықтар мамандарды даярлау сапасын жақсартуға бағытталуда. ЖЖБИ емдеуді жүргізудің озық халықаралық стандарттарына негізделген дерматовенерология бойынша резидентураның мамандандырылған бағдарламасы ашылды. ЖЖБИ алдын алу, диагностикалау және емдеудің заманауи аспектілері бойынша медицина қызметкерлерін қашықтықтан және веб-портал арқылы оқыту бағдарламасы даму, пысықталу сатысында. ЖЖБИ диагностикасы мен емдеудің заманауи тәсілдері орта арнаулы, орта жоғары, қосымша және жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім берудің оқу бағдарламаларына біріктірілген.
Семинарға қатысушылар соңғы жылдары елімізде жүргізілген тері ауруларының пайда болу сипатын анықтауға байланысты ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен танысты. Алаңда ҚДИАҒО резиденттерінің қатысуымен жас маман мектебі жұмыс істеді, онда жекелеген клиникалық жағдайлар мен аурулардың ерекшеліктері талқыланды. Іс-шара аясында витилиго және созылмалы ауыр дерматозбен ауыратын науқастарға консультациялар және Ақмола облысы, Көкшетау қаласы көпсалалы облыстық ауруханасының дерматовенерологиялық орталығының мамандарына ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетілді.
Семинар аясында қатысушылар Астанадағы «Belonmedical» көпсалалы медициналық орталығына барып, елордалық дәрігерлердің жұмыс әдістемелерімен танысты, олардың көмегімен тері ауруларын емдеуде табысты нәтижелерге қол жеткізді, олардың арасында фототерапия, корнеология және корнеотерапия да бар. Мұнда витилигосы бар пациенттерімен жұмыс істеудің тиімді құралы — «Витилиго мектебі». Бұл дәрігерлер мен пациенттер одақтасып, әрекет ететін тиімді жағдай. Дәрігерлер науқастарды аурумен өмір сүруге, берілмеуге, барлық ұсыныстарды орындауға және басқаларды ынталандыруға үйретеді.
Витилиго терінің бетінде және денеде дақтардың пайда болып, ағартуын тудырады. Бұл болжанбайтын, созылмалы, инфекциялық емес, аутоиммунды тері ауруы, ол әр жүзден бір адамға әр түрлі дәрежеде әсер етеді. Витилиго өлімге әкелмейді және ешқандай органикалық зиян келтірмейді, бірақ кейде науқас адамның және оның отбасының әлеуметтік өміріне жойқын әсер етеді. Ауру кез-келген жастағы кез-келген адамға әсер етуі мүмкін, бірақ әдетте бұл жағдай жиырма жасқа дейін дамиды, яғни көптеген балалар витилигомен өмір сүреді. Бір жыл ішінде қазақстандық дерматологиялық мекемелерге витилиго проблемаларымен 15 мыңнан астам пациент жүгінді. Бұл көрсеткіш 2-3 есе жоғары болуы мүмкін, өйткені көптеген дәрігерлер мен пациенттер витилигоны емдеудің ықтимал әдістері туралы хабардар емес. Көбісі ұялшақтыққа, көпшілік алдында қысылуға және стигмаға байланысты ауруды жасыруды жөн көреді және дәрігерге бармауды дұрыс деп санайды, бұл емделу жолындағы, ауруды еңсеру жолындағы үлкен кедергі болып табылады.