Қазақстандық әртістің Башқұртстандағы ғаламат жетістігі

«Астана Опера» солисі Диас Құрманғазы Рудольф Нуреев атындағы мерейтойлық XXV халықаралық балет өнері фестиваліне қатысты. 19 наурызда дарынды қазақстандық әртіс Башқұрт мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында А.Аданның «Жизель» танымал романтикалық балетінде граф Альберттің басты партиясын тамаша орындап, уфалық көрермендердің зор қошеметіне ие болды.

Диас Құрманғазымен бірге Жизельдің нәзік бейнесінде уфалық театрдың жетекші балеринасы, Башқұртстанның халық әртісі Валерия Исаева өнер көрсетті.

Еске сала кетейік, Р.Нуреев атындағы фестиваль әлемнің беделді балет форумдарының бірі саналады және Уфада Юрий Григорович пен Шамиль Терегуловтың бастамасымен 1993 жылдан бері өткізіліп келеді.

Биыл халықаралық фестивальдің мерейтойлық XXV шығарылымы 17 наурызда, Рудольф Нуреевтің туған күнінде башқұрт балетінің классикасы – Л.Степанов пен З.Исмагиловтың «Тырна әнімен» басталғанын атап өтуіміз керек.

— Уфадағы Рудольф Нуреев атындағы халықаралық фестиваль – әлемнің түрлі театрларынан, оның ішінде «Астана Операдан» әртістер қатысатын беделді шара. Башқұртстанда біздің труппамыздан әріптестерім, театр солистері Мәдина Өнербаева, Бақтияр Адамжан, Сұлтанбек Ғұмар, Айдан Қалжан және тағы басқалары бірнеше жыл қатарынан өнер көрсетті. Осы жылы әлемдік балет аңызы Рудольф Нуреевке арналған фестивальде театрды таныстыру мен үшін айрықша жауапкершілік болды. Өнер көрсету лайықты деңгейде өтті деп ойлаймын, бұған көрермендердің ыстық ықыласы мен қошеметтері дәлел, сол үшін уфалықтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар труппамыздың көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Абдуахимқызы Асылмұратоваға қолдауы үшін алғыс айтамын, — деп атап өтті Диас Құрманғазы. – Өз кезегімде фестивальдің шығармашылық ғұмыры ұзақ болуын тілеймін. Балет өнерін насихаттау сынды маңызды міндетті жүзеге асыруда сәттілік серік болсын, — деп қорытындылады әртіс.

Өнер көрсетуден кейін көрермендер Башқұрт театрының әлеуметтік желі парақшаларында өз әсерлерімен бөлісті. «Диас Құрманғазы жарады, мықты әртіс екен!» деп таңданды желі пайдаланушысы Ирина Быкова. «Керемет секіру болды! Диасты Ромеоның рөлінде көргім келеді, бұл бейне оған 100 пайыз келер еді», — деп үн қосты Римма Сафиуллина.

«Астана Опера» балет труппасының солисі, А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің түлегі Диас Құрманғазы театрдың түгел дерлік балеттік спектакльдерінде өнер көрсететінін айта кетуіміз қажет. Әртіс әйгілі классикалық балеттердегі басты кейіпкерлердің бейнелерін сан мәрте керемет сомдады, атап айтсақ, П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетіндегі Щелкунчик-ханзада, «Аққу көлі» балетіндегі Зигфрид, Ротбарт, А.Аданның «Корсар» балетіндегі Құл Али партиялары, Ц.Пунидің «Сатанилла» балетінен «Венециялық карнавал» па-де-десі және тағы басқалары. Елордалық көрермендерге оның XX ғасырдың аңызға айналған балетмейстері Ролан Петидің хореографиялық жауһарларындағы партияларды интерпретациялауы ұнайды. Әсіресе, М.Жаррдың музыкасына «Париж Құдай анасының соборы» балетінен Феб және Ж.Бизенің музыкасына «Кармен» балетінен Па-де-де, сондай-ақ В.А.Моцарттың музыкасына Иржи Килианның «Кіші өлім», Раймондо Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» балеттеріндегі және қазақстандық композиторлардың музыкасына Патрик де Бананың хореографиясындағы «Дала үні» ұлттық балетіндегі өнер көрсетулері көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген.

Туған сахнадағы балеттік спектакльдер мен гала-бағдарламалардағы бірқатар жарқын бейнелерден бөлек, Диас Құрманғазыға Словения, Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстан қалаларына, оның ішінде Шымкент, Түркістан, Алматыға гастрольдер кезінде көрермендер қошемет көрсетті.

Диас Құрманғазының «Астана Опера» театрындағы келесі өнер көрсетуін 11 сәуірде М.Петипаның хореографиясында П.Чайковскийдің көпшілік ұнататын «Аққу көлі» балетіндегі Зигфридтің басты партиясында тамашалауға болады.

Telegram-канал: Қазақстандық әртістің Башқұртстандағы ғаламат жетістігі