Қазақстандық әртістің жарқын жеңісі
«Астана Опера» театрының балет әртісі Қуат Кәрібаев Ресейде өткен «Одиссея-Arts» Халықаралық көпжанрлы арт-олимпиаданың «Хореография» номинациясында I дәрежелі лауреаты атанды.
Қуат Кәрібаев дайындық барысына үлкен жауапкершілікпен келді. Себебі әртіс үшін шетелдік байқауда қазақ балетін лайықты деңгейде таныстыру маңызды болды.
— Арт-олимпиаданың ұйымдастырушысы Кремль сарайы сахнасындағы гастроль аясында менің Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балетіндегі өнер көрсетуімді көріп, байқауға қатысуға ұсыныс білдірді. Байқауға арналған нөмір А.Аданның «Корсар» балетінен па-де-дені асқан мұқияттылықпен дайындадым. Менің серіктесім балет әртісі Гүлназ Жанаева болды, екеуіміз бірге дайындыққа бар күшімізді салдық, кешкі дайындықтардан кейін күнде залда қалып отырдық. Жеңіске жеткенімізге, еңбегіміздің халықаралық деңгейде бағаланғанына қуандым, мұндай құрмет әрбір әртісті шабыттандырады. Марапаттау рәсімінен кейін ұйымдастырушылар бізді Челябинскіде өтетін фестивальдің салтанатты Гала-концертінде өнер көрсетуге шақырды, ол жерде бидегі серіктесім екеуіміз байқауда көрсеткен нөмірді таныстырамыз, — деді Қуат Кәрібаев.
Сондай-ақ әртіс өзінің шығармашылық жолына «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың елеулі үлес қосқанын атап өтті. – Алтынай Абдуахимқызының қамқорлығы менің өмірімді түбегейлі өзгертті, жаңа серпін берді. Оның арқасында мен өзімді таныта алдым, армандаған көптеген жаңа партияларды орындадым және қазір мен жаңа күшпен, екі есе шабытпен жұмыс істеп жатырмын, — деп пікірімен бөлісті Қуат Кәрібаев.
Айта кету керек, «Одиссея-Arts» көпжанрлы арт-олимпиадасы «Білім, мәдениет және өнердің көпұлтты қоғамды дамыту факторы ретіндегі интеграциясы» халықаралық ашық форумы аясында ұйымдастырылды. Шараның мақсаты өнердің әр түрін орындаушыларды, сондай-ақ түрлі мәдениеттер мен ұлт өкілдерін біріктіру болды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, білім, ғылым және өнер секілді салалардың интеграциясында тұлға мен қоғамды дамытудың зор әлеуеті, мемлекеттердің өзара тиімді әріптестігі, түрлі мәдениеттер мен этностардың диалогына жол ашу белгіленген.