Қазақстандық EEGERU ансамблі әлемдегі ең ірі Edinburgh Fringe өнер фестивалінде өнер көрсетеді

Қазақстандық EEGERU заманауи музыка ансамблі әлемдегі ең ірі өнер фестивалі – Edinburgh Festival Fringe-де өнер көрсетуге шақырылды.
Шотландия астанасындағы фестиваль қалыптасқан дәстүр бойынша тамыз айында үш апта бойы өткізіліп, көріністері мен концерттерін жыл сайын екі миллионға жуық көрермен тамашалайды. Бұл ауқымды іс-шараға әлемдегі ең үздік орындаушылардың театрландырылған, музыкалық, би қойылымдары кіреді. Аталмыш фестиваль көрермендерінің назарына Қазақстан өнері алғаш рет ұсынылатын болады. EEGERU ансамблінің фестивальге сапары «Дара» қайырымдылық қоры қолдауымен ұйымдастырылды.
EEGERU концерті тамыздың 27 күні Queen’s Hall абыройлы сахнасында өтеді, ансамбль қазақстандық композиторлардың шығармаларын, сондай-ақ шетелдік авторлардың бірнеше композицияларын орындайтын болады. Атап айтқанда, Эдинбургте алғаш рет Қуат Шілдебаевтың «Қаракемер» және Артық Тоқсанбаевтың My Respect to You, Mr. Tattimbet туындылары орындалады. Концерттің ерекше нөмірі – шотланд композиторы Клэр Джонстонның EEGERU ансамблі үшін арнайы жазған Call of The Mountains композициясы болады. Композитор шығармасында тек классикалық акустикалық және цифрлық аспаптарды ғана емес, сондай-ақ қазақ қылқобызын да қосқан.
Сонымен қатар, сапар аясында EEGERU-дің ерекше қажеттіліктері бар музыканттар мен композиторлардың мүмкіндігін кеңейтумен айналысатын Шотландияның жетекші инклюзивті өнер ұйымы Drake Music Scotland қабырғасында өнер көрсетуі жоспарланған. Қазақстандық әртістер шотланд әріптестеріне шеберлік сабағын өткізіп, оларды қыл-қобыз ұлттық аспабымен, оның мүмкіндіктерімен таныстырады.

Раушан Джуманиязова, EEGERU ансамблінің директоры:

«Осындай ауқымды фестивальде өнер көрсетуде мақсаттарымыз шексіздікке ұласады: бір жағынан – біз қазақтың заманауи музыкасын паш етуге барғалы жатырмыз, екінші жағынан – инклюзивті музыкалық білім беруде шетелдік әріптестерімізден тәжірибе алуға барамыз. Қазақстанда инклюзия мәселелерімен жүйелі түрде эксперименттерге ашық және өзінің тың жобаларымен белгілі «Дара» қоры айналысады. Қордың игілікті жоспарларының ішінде бір бағыт музыкамен, музыкалық біліммен, бізбен қиылысады. Қазіргі әлемдегі инклюзивті оқыту жаңа технологиялармен тікелей байланысты және шотланд музыканттары бұл бағытты көптеген жылдар бойы дамытып келеді. Біз «Дара» үшін нақты шешімдер әкеле аламыз деп үміттенеміз, шотланд музыканттары мен музыка әуесқойларының қазақ музыкасына деген құштарлығын оятамыз деген үміттеміз. Алайда, олар оны әлдеқашан ұнатып қалған сияқты!»


Клэр Джонстон, шотланд композиторы:

«Мүлдем басқа музыкалық стильде эксперимент жасауға және оған өз шығармашылық потенциалын қосуға дайын осындай ынталы музыканттармен жұмыс істеу екі тарап үшін де қызықты және құнды тәжірибе болды. Оған қоса, процесте тек классикалық аспаптар мен тембрлер ғана емес, сонымен қатар жүздеген жылдарға созылған тарихы бар дәстүрлі аспаптарды да қолдандық. EEGERU-мен бірге біз қазақ халық аспаптарының дыбысын британдық аудиторияға, әсіресе дәстүрлі музыкаға деген үлкен құштарлығы бар Шотландияға жеткізетінімізге қуаныштымын»