Қазақстандық оқушылар жазғы Дүниежүзілік оқушылар Гимназиадасында жетінші медальді жеңіп алды

Сербияда өтіп жатқан Дүниежүзілік жазғы мектеп гимназиадасында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетуді жалғастыруда. Бүгін команда қоржыны тағы төрт медальмен толықты: бокстан Айбек Садық пен Шыңғысхан Макаров алтын жүлде жеңіп алса, Алихан Смағұл — қола медаль иегері атанды. Сонымен қатар, дзюдошы Ерасыл Қалмаханбет те ел қоржынына қола жүлде салды.

Осылайша, жарыстың алғашқы күндерінде Қазақстан құрамасы алты медаль еншіледі. Бұған дейін еркін күрестен Висхан Арашов күміс, ал Мансур Ақылбай мен Нұрқожа Қалыбек қола медаль алған болатын. Ертең, 12 сәуір күні, тағы үш отандасымыз финалдық кездесулерге шығады. Бұл – құраманың медаль санын еселеуге үлкен мүмкіндік.

Сонымен қатар, шахматшыларымыз Олтинай Алғаппарова мен Жанат Нұрым Халықаралық әділ ойын комитетінің арнайы марапатына ие болды. Бұл – олардың жарыс кезінде көрсеткен спорттық рухы мен үлгілі этикасын жоғары бағалаудың белгісі.

ISF U-15 – 13-15 жас аралығындағы мектеп оқушыларына арналған ең ірі көпсалалы халықаралық спорттық дода. Биылғы турнир 4–14 сәуір аралығында Сербияның Златибор қаласында өтіп жатыр. Жарысқа 55-тен астам елден 2500-ге жуық жас спортшы қатысуда.

Қазақстан атынан сынға түсіп жатқан 23 спортшы республикалық іріктеуден өтіп, төрт спорт түрінде бақ сынауда: дзюдо, еркін күрес, бокс және шахмат.

Еліміздің құрамасы ISF жарыстарына 2022 жылдан бастап қатысып келеді. Былтырғы маусымда қазақстандық оқушылар 14 медаль жеңіп алған болатын, оның алтауы — алтын.

  ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Ұлттық ғылыми-практикалық

дене тәрбиесі орталығының

баспасөз қызметі

Telegram-канал: Қазақстандық оқушылар жазғы Дүниежүзілік оқушылар Гимназиадасында жетінші медальді жеңіп алды