Қазақстандық жас хореографтың зор табысы
«Астана Опера» театрының солисі, хореограф Сұлтанбек Ғұмар Борис Эйфманның Би академиясы ұйымдастырған «Жас хореограф» бүкілресейлік фестивалінің финалында санкт-петерборлық көрермендерді тәнті етті. Оның Ақтоты Райымқұлованың музыкасына шығарған «Mankurt» авторлық миниатюрасы балет сыншыларының жоғары бағасына ие болды, ал көрермендер қазақстандық әртістердің сахнада бәрінен асып түскенін таңданыспен айтты. Аңызға айналған хореограф әрі ұйымдастырушы Борис Эйфман: «Қазақтар, жарайсыңдар!» деп, өзінің ізгі лебізін білдірді.
«Mankurt» нөмірін «Астана Опера» әртістері Ғалымжан Нұрмұхамет пен Камила Орманова орындады, ал Сұлтанбектің өзі сахнаға «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына «Қилы заман» нөмірімен шықты.
– Бұл менің хореограф ретінде осындай фестивальге алғаш рет қатысуым. Ұйымдастырушылар да, көрермендер де бізді өте жылы қарсы алды. Біз Мәскеу және Санкт-Петербордың балет сыншылары Ольга Розанова мен Павел Ященковтың мақтауына ие болдық. Олар «Астана Опера» әртістері ұсынған «Mankurt» пен «Қилы заман» нөмірлерінің ерекшелігін атап өтті. Шыңғыс Айтматовтың мәңгүрт образы бейнеленген «Найман ана» әңгімесімен бұрыннан таныс олар хореограф ретінде өте күрделі тақырыпты ойдағыдай жеткізгеніме тәнті болды. Балет сыншылары труппамыздың осыдан 2 жыл бұрын Кремль сарайының сахнасында Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» спектаклімен табысты өнер көрсеткенін де еске алды. Бұл жолы да олар Алтынай Асылмұратованың жетекшілігіндегі труппамыздың жоғары деңгейін тағы бір мәрте атап өтті, – деп пікірімен бөлісті Сұлтанбек Ғұмар.
Балет сыншылары қазақстандық әртістердің өнерін жиі көреміз деген үмітте, өйткені олар Сұлтанбек Ғұмардың хореограф ретінде келешекте көптеген мағыналы қойылымдарды дүниеге әкелетініне сенімді. Сондай-ақ Борис Эйфманның Би академиясы да жас хореографқа бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс айтқан.
Еске сала кетейік, «Жас хореограф» фестивалінің финалында қазақстандық әртістермен қатар, Ресей, Беларусь және Қытайдан хореографтар мен бишілер өз өнерлерін ортаға салды.
– «Mankurt» нөмірін керемет орындағандары үшін әріптестерім – «Астана Опера» солистері Ғалымжан Нұрмұхамет пен Камила Ормановаға алғысымды білдіргім келеді. М.Әуезовтің «Қилы заманы» мен Ш.Айтматов шығармасындағы мәңгүрт тақырыбын осындай халықаралық деңгейде таныстыру көптен көкейімде жүретін. Біз фестивальден зор шабыт алдық. Бұдан бөлек, театрлық жарық дизайны бойынша жаңа білім мен тәжірибе алу өте пайдалы болды. Борис Эйфманның Би академиясында жарық бойынша суретшілерді даярлайтын арнайы факультет бар екен. Бұл хореографтар үшін өте маңызды, өйткені жарықтың көмегімен-ақ барлық ойды және кейіпкерлердің мінездерін жеткізуге болады. Біздің елде де осындай мамандарды кәсіби деңгейде дайындайтын факультет ашылғанын қалар едім, – деп қорытындылады С.Ғұмар.
Сұлтанбек Ғұмардың жанкүйерлерді осы жылы желтоқсанда «Астана Опера» сахнасында Nomad Ballet гала бағдарламасының премьерасы аясында таныстырылатын «Аралым» және «Әлем» атты жаңа авторлық нөмірлерімен қуантатынын атап өтуіміз қажет.