Қазақстанның Елшісі Шанхайдың мэрімен кездесті

Қазақстан мен Қытай арасындағы өңіраралық, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту мақсатында Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев жұмыс сапарымен Шанхай қаласына барды.

Сапар аясында Шахрат Нұрышев Шанхай қаласының Халық Үкіметінің төрағасы (мэрімен) Гун Чжэнмен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Қазақстан өңірлері мен Шанхай қаласы арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, мәдени және білім беру байланыстарының ағымдағы жай-күйі мен даму келешектерін, сондай-ақ қазақ делегациясының 7-ші Қытай халықаралық импорттық көрмесіне қатысуын талқылады (2024 ж. 5-10 қараша, Шанхай қ.).

Алматы мен Шанхай қалалары арасында бауырластық байланыстар орнату және болашақта қалалар арасында тікелей әуе қатынасын ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сондай-ақ, ҚР-дың ҚХР-дағы Елшісі Шанхай қаласының Халықаралық саудаға жәрдемдесу комитетінің төрағасы Чжоу Миньхаомен кездесу өткізді. Ш. Нұрышев Шанхай Қытайдың маңызды қаржы және инвестициялық орталығы болып табылатынын атап өтіп, екіжақты сауда-инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды.

Сапар барысында Елші қытайлық робототехникалық «Fourier» компаниясының өндірістік базасы мен ғылыми зертханасының және «ZTE» корпорациясының ғылыми-технологиялық орталығының негізгі қызметімен танысты.

Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі