Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері
Қазақстан – Орталық Азиядағы үлкен мемлекет және ресурстарға бай ел екені мәлім. Әлемдік геосаяси жағдай әрбір мемлекетті өзінің энергетикалық қауіпсіздігін немесе тәуелсіздігін қамтамасыз етудің жолын қарастыруға мәжбүрлеуде. Кеңес кезеңінен бері еліміздің энергетикалық секторы қазба отынға тәуелді болып келді. Алайда ғылымның прогрессивті дамуы нәтижесінде балаламалы энергетика көздерін пайдалану мүмкіндіктері пайда болды.
Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған Үкіметтің кеңестілген мәжілісінде Президент Қ.Тоқаев «Қазақстанда негізгі өндіруші қуаттар, оның ішінде жылу станциялары 40 және одан да көп жыл пайдаланылуда. Сарапшылардың мәліметінше, олардың жалпы тозуы 50%-дан астамды құрайды. Бұл электр станцияларындағы технологиялық бұзушылықтардың өсуіне алып келеді. 2019 жылы – 4010 бұзушылық, 2020 жылы – 4458 бұзушылық, осылайша өсім 11%. Энергия көздеріне ауқымды техникалық аудит жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Бұған дейін біз бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 10%-ға дейін жеткізуді мақсат етіп қойдық. Жаңа шындықты және ағымдағы оң динамиканы ескере отырып, 2030 жылға қарай ЖЭК-тің электр генерациясындағы үлесін 15% -ға дейін ұлғайту міндетін алға қоямын», – деп тапсырған болатын.
Қазақстанның электр энергетикасының басым бөлігі (69 пайызы) көмірмен жұмыс істейді. Стансаларымыздың жалпы қуаты 24 000 мегаватты құрайды, оның 19 000 мегаватты қазіргі уақытта қолжетімді. Өткен жылы олар 114 миллиард киловатт сағат электр энергиясын өндірді. Бұл ретте ЖЭК-тен 4,2 млрд киловатт сағат өндірілді, оның негізгі үлесі 142 күн және жел стансаларына тиесілі. Жаңартылатын энергия стансаларының жалпы қуаты 2,3 гигаватт құрайды. Қазақстан Еуразиялық кеңістікте алғашқылардың бірі болып жаңартылатын энергия көздерін қолдауға кірісті. Үкіметке 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін қайта қарап, оларды 10-нан 15 пайызға дейін арттыру тапсырылды.
2050 жылға қарай баламалы энергия көздерінің үлесі 50 пайызды құрауы тиіс. Бұл тек жасыл энергия көздері ғана емес, сонымен қатар ең аз шығарындылары бар балама көздер, мұнда біз биоэнергияны, атом энергиясын және болашақта сутегі энергиясын қосамыз. Сутегі энергетикасы стратегиясын әзірлеу тұжырымдамасы дайындалып жатыр. Жалпы алғанда Қазақстанның электроэнергиясы инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту саласына арналған заңнамалық құжаттар мен нормативтік-актілерді жыл сайын қабылдауда.
Ғаламдық өзгерістерге сай қабылданып жатқан құжаттар мен халықаралық келісім-шарттар, энергетика саласындағы ірі жобалар елімізді энергия саласымен толық қамтуға және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толыққанды жауап береді. Бұл салада белгілі ғалымдар, сарапшылар атсалысып, халықаралық тәжірбиелерді белсенді түрде пайдалануда. Бұл мақсатта Қазақстан энергетика министрлігі Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігінің тиімді стратегиясын қабыладады. Бұл стратегия энергия ресурстарына деген ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыратын, оларға қолжетімді бағаларды сақтайтын, олардың тұтынушылар үшін барлық жерде болуын қамтамасыз ететін, сондай-ақ 2060 жылға қарай таза энергиямен болашаққа қол жеткізуде елеулі прогреске ықпал ететін стратегиялық маңызды құжат болып саналады.
Қазақстанда 2035 жылға дейін электр энергиясын тұтыну өсімі 153 миллиард киловатт сағатты құрайтынын сарапшылар жиі айтады. Дәстүрлі емес қуат көздерін алуға болатын жерлердің барлау картасы жасалды. Жылу электр орталықтарын газға көшіру мәселесі сөзден іске көшті. Елімізде 2 гигаваттық екі су электр стансасын салу жоспарлануда. Бұл, сарапшының айтуынша, көмір өндіру үлесін 70-тен 40 пайызға дейін қысқартады. ЖЭК пен газдың үлесі шамамен 40 пайызды құрайды. Дегенмен, Қазақстан энергетика саласының инфрақұрылымдарын жаңғырту мәселелерін күнделікті бақылауда ұстап жүйелі жұмыс келеді. Болашақтағы әлемдегі энергетика саласындағы өзгерістер мен балаламалы энергия көздерін пайдалану жел, су арқылы энергия көздерін алу сынды салаларда бастыстың ғылыми зерттеу институттармен бірлесіп бірқатар ірі жобаларды қолға алуда. Соның бірі атом электростанциясын салу мәселесі. Әлемде атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін қарастырып жатқан 27 елдің ішінде бірінші АЭС-ті салу бойынша 17 мемлекет қатарында Қазақстан шешім қабылдау сатысында тұр. Ал өз шешімін қабылдаған 10 мемлекет инфрақұрылымын салуда келісімшартқа қол қойып, жақын арада бірінші атом электр стансасының құрылысын бастамақшы.
Мамандар зерттеуінше бір АЭС жыл сайын орта есеппен 20 млн тоннаға дейін СО2 қалдықтардың алдын алса, 1 кг уран 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады екен. Бағамдасақ, бұл электр стансасының қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі айтарлықтай екендігіне көз жеткізуге болады. Мамандардың пікіріне құлақ түрсек, атом энергиясы қуаттылығы жағынан көмір мен газдан әлдеқайда жоғары, әрі сыртқа аз қалдық шығарады. Сондай-ақ уранның Қазақстанның өз ішінде өндірілуі, қосымша қаржыны талап етпеуі де бұл саланың артықшылығын көбейте түседі. Осы саланың мамандары АЭС-тен алынатын энергия экологиялық ең таза әрі қауіпсіз екенін айтуда. Қазақстан еліміздің үш қаласында көршілес елдермен бірігіп, үш жылу электр орталығын салу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар Қазақстанның «жасыл» экономикаға басымдық беріп жатқаны аңғарылады. «Жасыл» экономика түптеп келгенде қоршаған ортаға зиян келтірмей, энергия өндірудің жолы саналады. Бұл жолда мемлекеттің жеткен жетістігі аз емес. Соның арқасында, келешекте Қазақстанда энергия тапшылығы болмауға тиіс.
Қазақстанда жасыл энергетиканың үлесін 2025 жылы – 6 пайызға, 2030 жылы – 15 пайызға, 2050 жылы – 50 пайызға, ал 2060 жылы 80 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Былтыр елімізде балама қуат көзін өндіретін 134 нысан тіркелген.
Оның ішінде 40 жел стансасы, 49 күн стансасы, 40 гидроэлектр стансасы, 5 биоэлектр стансасы бар. Қорыта айтқанда, елімізде энергия инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту жұмыстары қарқынды дамып келеді. Жоғарыда аталған шаралардың барлығы болашақта Қазақстанды энергетикалық тәуелділіктен құтқарып ғана қоймай, көршілес елдерді де электрэнергиясымен қамтамасыз етуге үлкен қадам болмақ. Сонымен қатар баламалы энергиямен қамту мәселесі мемлекетпен қатар қоршаған ортаға әкелетін орасан зор пайдасы бар екенін баршамыз білеміз. Жыл сайын елімізде күннен, желден, су ағынынан электр өндіретін стансалар еселеп артуда.
Нұрсұлтан УТКЕЛБАЕВ,
Чикаго-Кент заң колледжінің
студенті (АҚШ) ҚР білікті заңгері