Қазақстанның Қытайдағы Елшісі «Қытай — Орталық Азия» 11-ші ынтымақтастық форумының ашылуында сөз сөйледі

Иньчуань қаласында Қазақстанның ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышев 11-ші Орталық Азия-Қытай ынтымақтастық форумының ашылу салтанатына қатысып, өз жолдауын баяндады. Өз жолдауында елші мырза Орталық Азия мен Қытай арасындағы экономикалық, көлік және энергетикалық байланыстарды тереңдету маңыздылығын тілге тиек етіп, сондай-ақ Қазақстанның аймақтың тұрақты дамуына үлес қосуға дайын екенін білдірді.

Нұрышев соңғы жылдары «Орталық Азия – Қытай» ынтымақтастық форматы айтарлықтай дамып келе жатқанын атап өтті. Сөз басында елші форум ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, аспан асты елінің биылғы атаулы мерекесі Қытай Халық Республикасының құрылғанына 75 жыл толуымен құттықтап, оның халықаралық аренадағы табыстарына тоқталды.

Өз сөзінде Қазақстан алдағы жылдары назар аударатын бірнеше басым бағыттарды атап өтті. Оның ішінде 2023 жылы 27%-ға өсіп, 89 млрд долларға жеткен өзара тауар айналымын арттыру, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы жобаларды қоса алғанда, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бар. Қазақстан өңірдің трансконтиненталдық байланыстарын қолдайтын Транскаспий бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізі сияқты инфрақұрылымдық жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруда.

Жолдау барысында энергетикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Қазақстан энергиямен қамтамасыз етуді ұлғайтуға, мұнай-газ инфрақұрылымын жаңғыртуға және сирек жер металдарын өндіру саласындағы жобаларды жалғастыруға ниетті. Нұрышев Қазақстан пайдалы қазбаларды өңдеуге Қытайдан инновациялық шешімдерді тарту мақсатында «технологияға айырбас шикізат» қағидаты бойынша ынтымақтастықтың келешегін көріп отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар, Нұрышев азық-түлік қауіпсіздігі тақырыбына тоқталып, Қазақстанның астық және басқа да агроөнеркәсіптік тауарларды экспорттаушы ретіндегі айтарлықтай әлеуетін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыт цифрлық және «жасыл» технологияларды енгізуді талап етеді, ол Қазақстан үшін де басым.

Климаттың өзгеруі жағдайында Орталық Азия су саясатында қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр, Қазақстан Қытаймен осы салада, соның ішінде суды үнемдеу және шөлейттенумен күресу үшін озық технологияларды тарту бойынша ынтымақтастыққа дайын.

Өз сөзін қорытындылай келе, Шахрат Нұрышев 2025 жылы Қазақстанда өтетін «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын ашатынына сенім білдірді.

Ғазиза Ұзақ

Иньчуань