Қазақстанның Оскар комитеті «Кадет» фильмін Америкалық киноакадемия сыйлығына үміткер ретінде таңдады

Қазақстанның Оскар комитеті 2026 жылы өтетін «Оскар» кинопремиясына ұсынылатын ұлттық фильмдерді іріктеуді аяқтады. Комитет мүшелерінің басым даусымен режиссер Әділхан Ержановтың «Кадет» атты көркем фильмі таңдалып, Қазақстанды «Үздік халықаралық толықметражды фильм» (Best International Feature Film) номинациясында таныстырмақ.

Адай Әбелдинов, «Қазақстан кинематографистер одағы» ҚБ басқарма төрағасы:

«Қазақстан кинематографистер одағы жыл сайын осы беделді кинопремияға қатысу үшін фильмдерді іріктеу конкурсын жариялайды. Бұл маңызды жұмысты атқару біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Биыл түскен 8 өтінімнің ішінен Комитеттің таңдауы режиссер Әділхан Ержановтың “Кадет” фильміне түсті. Таңдау әділ болды деп санаймын. Оскар комитетінің мүшелері – елдің ең үздік әрі тәжірибелі кинематографистері. Биыл Комитет құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдері – Ұлттық кинематографиялық өнер және ғылым академиясы мен Қазақстан кинематографистері лигасының мүшелері кірді. Олар ауқымды жұмыс атқарды. Ендігі кезекте Америкалық киноакадемияның талаптары мен регламентіне сәйкес фильмді ілгерілету жұмыстары тұр. Біз толайым сенім арта отырып “Кадет” фильміне жеңіл де сәтті жол тілейміз».

«Кадет» көркем фильмі 2024 жылы Tiger film компаниясының туындысы. Режиссер – Әділхан Ержанов. Фильмнің ұлттық прокаттағы тұсаукесері 2025 жылдың қаңтар айында өтті, ал әлемдік премьерасы 2024 жылы Токиодағы Халықаралық кинофестивальде көрсетілді.