«Қазақстанның үздік студенті – 2024 ж» байқауы: Думанов Саяттың жетістігі

2024 жылғы 23 қарашада Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты бағдарламалық мақаласындағы ұлттық құндылықтарды республикамыздың жастары арасында кеңінен насихаттау мақсатында «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК СТУДЕНТІ» атты республикалық байқау өтті. Осы байқау аясында «Жастар және ғылым: тәуелсіздіктің жаңа трендтері» атты ІХ халықаралық конференция ұйымдастырылды.

Байқауға қатысқан 6В12301 «Құқық қорғау қызметі» білім беру бағдарламасының 2 курс 211 топ студенті Думанов Саят, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы студенттерінің «ТМД-ның үздік студенті-2024» VII кітап жинағына енгізіліп, «Үздік студент» арнайы белгісімен (медалімен) марапатталды. Сонымен қатар, Думанов Саят еңбегі туралы куәлік пен үшінші дәрежелі диплом алды. Бұл оның тек академиялық жетістіктері ғана емес, сондай-ақ қоғамдық және халықаралық деңгейде танылған еңбекқорлығы мен үлесін көрсетеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика» кафедрасының топ эдвайзері, аға оқытушысы С.Ш. Даубасова, топ студенттеріне кезекті тәлімгерлік сағатында осындай жоғары марапатқа ие болған Саяттың жетістігін атап өтіп, алғысын білдірді. Ол: «Университеттің тұрақты даму мақсаттарының бірі – сапалы білім беру. Саяттың бұл марапаты – университеттің 90-жылдық мерейтойы аясында қол жеткізген маңызды жетістік. Халықаралық студенттер қауымдастығы ұйымдастырған «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үздік студенті» жобасы аясындағы бұл байқау студенттердің тек кәсіби білімдері мен дағдыларын ғана емес, олардың белсенді өмірлік ұстанымдарын да бағалауға мүмкіндік береді», – деп студенттерге үлгі болды.

С.Ш. Даубасова «6В04205 — Құқықтану» білім беру бағдарламасының бірінші курс 106 топ топ студенттерін осы байқауға қатысуға ынталандырып, келешекте осындай марапаттарға ие болуға шақырды. Оның айтуынша, жыл сайын өткізілетін «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үздік студенті» жобасы еліміздегі жастарды әлемдік деңгейде танытуға мүмкіндік береді.

Топ жетекшісі өз сөзінде: «Біздің студенттеріміздің халықаралық деңгейде жетістіктерге жетуі – бұл университетіміздің, елдің болашағына деген үлкен үміт пен сенімнің белгісі.  Эдвайзерлік топ  студенттеріне осы жоғары белестерді бағындырып, ата-аналарының үмітін ақтап, университетіміздің мақтаныштары қатарынан көрінуге тілектеспін», – деп жас студенттерге болашақта осындай жетістіктерге жету үшін нақты қадамдар жасау қажеттігін атап өтті.

Топ студенттері өздерінің осындай шығармашыл және табысты студенттермен қатар білім алып жатқандығына мақтана отырып, болашақта халықаралық байқауларда диплом иегерлері болатынына сенім білдірді. Олар осы жетістіктердің келешекте үлкен нәтижелерге ұласатынына сенімді.

Топ эдвайзері барша студенттерге алдағы уақытта сәттілік тілеп, жаңа белестерді бағындыруға күш-жігер тілейді!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің

2 курс 211 топ эдвайзері С.Ш. Даубасова