Қазанда «Астана Операда» қандай балеттерді тамашалауға болады?

Елорда тұрғындары мен қонақтарын қазанда «Астана Операда» әлемдік балет өнерінің інжу-маржандары күтеді. Театрдың Үлкен залы сахнасында 2-3 қазанда Борис Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» ұсынылса, 8-9 қазанда Герман Левенскольдтың «Сильфида» балеті таныстырылады.

Осы ретте «Астана Опера» балет труппасының солисі Серік Нақыспеков көрермендер Борис Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағын» не үшін қалт жіберіп алмауы керек екенін толығырақ айтып берді.

– «Бақшасарай бұрқағы» пуантыға тұрған қыздардың нәзіктігі мен әсемдігі ғана емес, сонымен қатар ерлердің қайсарлығы мен батырлығы паш етілетін спектакль болып табылады. Оны әрбір көрермен тамашалауы қажет деп санаймын, өйткені бұл сюжеті мен драматургиясы мықты балеттердің бірі. Мұнда шығыс және поляк стилистикасы үйлесім тапқан, балеттің екі актісі де сан алуан. Бірінші акті поляктардың биімен басталып, татарлардың шабуылымен аяқталса, екінші акті мүлдем басқа, бұл әсем декорациясы мен костюмдерінен де анық байқалады. Қойылымда біз темірден жасалған шынайы қылыштарды пайдаланамыз, қылыштасу кезінде олардан от ұшқындап, өте әсерлі көрініс болады. Нұрәлидің партиясын спектакльдің 2015 жылы болған премьерасынан бастап орындап келемін. Бұйырса, осы маусымда менің бұл бейнені сомдап жүргеніме он жыл болады. Нұрәли көрермендердің ең жақсы көретін кейіпкерлерінің бірі деп ойлаймын, өйткені бұл ду қол шапалақтан, «бәрекелді» деген лебіздерден білінеді. Әсіресе, көрермендерге екінші бөлімдегі татар биі қатты ұнайды. Бұл үзіндінің музыкасы да, энергетикасы да керемет, мұнда ерлердің күш-қайраты жақсы көрсетілген, – деп атап өтті С.Нақыспеков.

– Репертуарына «Бақшасарай бұрқағы» балеті енген театрлар әлемде саусақпен санарлықтай ғана. Түрлі елдердегі театрлардың қаншама нұсқаларын тамашаласам да, дәл біздің «Астана Операдағыдай» керемет орындауды әлі көрмеппін. Сондықтан көрермендерді осынау тамаша спектакльде асыға күтеміз, — деп қорытындылады солист.

Айта кетейік, өнер көрсету күндері Зареманың басты партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Бекетаева мен Анастасия Заклинская жүзеге асырады. Гирейдің партиясын Сұңғат Қыдырбай мен Айдан Қалжан, Марияны Шұғыла Әдепхан мен Аделина Төлепова, Вацлавты Рустам Чахалов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев, Нұрәлиді Серік Нақыспеков және Ислам Қайыпбай (дебют) дайындауда.

Сондай-ақ «Астана Операның» қазандағы афишасына Г.Левенскольдтың «Сильфида» балеті көрік бермек. Театр репертуарын өткен маусымда толықтырған спектакль Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың қойылымында жүретінін еске саламыз. Қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев, декорациялар мен костюмдер бойынша суретші – Ресейдің Халық суретшісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Вячеслав Окунев, жарық бойынша суретші – Сергей Шевченко.

«Сильфида» жайлы сөз еткенде, француз хореографы Филиппо Тальонидің балетті 1832 жылы Мария Тальониге арнап қойғанын атап өткен жөн. Дәл осы балерина алғаш рет пуантыға тұрған еді және бұл балет өнеріндегі жаңа дәуірдің бастауы болды. Аталмыш балет біздің заманымызға бірегей тұлға – даниялық балетмейстер Август Бурнонвильдің арқасында жетті, ол өзінің қойылымы үшін жас композитор Герман Левенскольдке музыкаға тапсырыс берді.

Орман перілері жайлы хикаяны түрлі күндері көрермендерге театр солистері ұсынады. Жеңіл әрі нәзік Сильфиданың бейнесінде Шұғыла Әдепхан мен София Әділханова сахнаға шықса, оған ессіз ғашық Джеймстің рөлін Серік Нақыспеков пен Диас Құрманғазы орындайды. Ал Қуат Кәрібаев мен Сұлтанбек Ғұмар Мэдж сиқыршыны сомдауға дайындалуда. Джеймстің қалыңдығы – Эффидің партиясын Мөлдір Шәкімова мен Аделина Төлепова, Аннаның бейнесін Инесса Котлобаева мен Алина Халимолла орындайды. Спектакль күндері «Астана Опера» симфониялық оркестрі дирижерлер Арман Оразғалиев пен Элмар Бөрібаевтың жетекшілігімен өнер көрсетеді.

Күз – молшылыққа толы мезгіл, сондықтан «Астана Опера» өз көрермендеріне репертуарындағы ғажайып балеттік спектакльдерді ұсынуда.

Спектакльдердің басталуы 19:00-де.