«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалында техника саны артты
Хромтаулық кеншілерге жағымды жаңалық. «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының кен орындарына қолданылатын техника саны артып келеді. Жақында мұндағы тау-кен көлік тасымалдау цехы жерасты кен өндіру жұмыстары кезінде бөлінетін тау-кен жыныстарын тиеп-тасымалдау техникасымен толықты. Көліктің бұл түрі кәсіпорынға алғаш рет әкелініп отыр. Жаңа көлік келесі айдан бастап комбинаттың «Северный борт» және «Первомайское» шағын кен орындарында қолданылмақ.
Хромтаудағы бұл карьерлердің өндірістік процесін біраз уақыттан бері мердігер ұйым орындап келген. Енді «Қазхром» кәсіпорнына қарасты Дөң тау-кен байыту комбинаты 2024 — 2025 жылдары жоғарыда аталған екі шағын кен орындарын өз күштерімен игеру мүмкіндігін кеңейтуді қолға алды. Осы мақсатта өткен жылдың аяғында комбинатқа LHD WX07 KOMATSU маркалы көлік алынған еді. Әзірге бұл техниканың бір ғана данасы бар. Бұл жабдық ұжымның алдағы жоспарын тиімді әрі сапалы орындауға септеседі. Неге десеңіз, өз класындағы ең жылдам тиегіш – осы. Жүк тасымалдау кезінде ол сағатына 24,1 шақырым жылдамдыққа дейін барады. Бұл көліктің тағы бір ерекшелігі – кен орындарының қуыс, тар аймақтарына оңай кіріп, тиеу процесін қалыпты күйде орындауға мүмкіндік береді.
– Әрине, цехта жүк тиегіштер болғанымен, жаңа технологияға негізделген шағын да болса, шаруаға қолайлы мұндай техникаға бірінші рет қол жеткізіп отырмыз, — деді цехтың бас механигі Еркін Клюмов. – Биыл дәл осы машинаның тағы 13 данасы келу керек. – Техника өте ыңғайлы. Қазіргі таңда оның құжаттары ресімделіп жатыр. Ақпан айынан бастап желіге шығады. Шөмішінің көлемі тау массасын молырақ тиеуге қауқарлы. Соңғы жылдары цехымызға тек сапалы, машинистерге де жайлы болар көліктер әкелінуде. Мысалы, қазіргі тиегіш эргономикалық кресломен, ауа баптағыш және пешпен жабдықталған. Жұмыстың сапалы жүруі жүргізушінің жағдайына да байланысты. Сондай-ақ, қауіпсіздік техникасы жағынан да барлық ережелер ескеріліп, құрастырылған. Бізге бастысы – осы. Замануи көліктің көмегімен алда «Северный борт» және «Первомайское» шағын кен орындарындарындағы жұмыстар сәтті жүретініне еш күмән келтірмейміз.
Бас механиктің айтуынша, қазір тау-кен көлік тасымалдау цехында барлығы 186 техника бар. Оның көп бөлігі – нақтырақ айтсақ, 18 бірлік шахталық самосвал. Тағы бір маңызды тұс, цехта жүк тиегіш көліктерінің машинистеріне сұраныс артып келеді. Бүгінде мұнда жүк тиеу көліктерінің машинистеріне бос жұмыс орындары бар.