Қазіргі геодинамиканың теориялық негіздері және қолданбалы аспектілері – М. Жандаевтың ілімінің мұрасы ретінде

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің,  картография және геоинформатика кафедрасының 50 жылдығына арналған ХІ Жандаев оқулары: «Қазіргі геодинамиканың теориялық негіздері және қолданбалы аспектілері – М. Жандаевтың ілімінің мұрасы ретінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы қаңтардың 15-16 жұлдызы өтті.

«Жандаев оқулары» атты бұл конференция профессор, география ғылымдарының докторы және геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері М.Ж. Жандаевты еске алу мақсатында екі жылда бір рет өткізіліп тұрады.

Мұқатай Жандайұлы Жандаев 1916 жылы 1 ақпанда Көкшетау облысы Рузаев ауданында дүниеге келген. 1935-38 жылдары Петропавл зооветеринарлық техникумында  оқып, оны бітірген соң аудандық зоотезник болып жұмыс жасады. 1939-1945 жылдары әскер қатарына қабылданады.  Чита авиациялық училищесін, 1-ші Рязань жоғары ұшқыштар және алыс қашықтықтағы авиация штурмандарын даярлайтын мектептерді бітірді. 1943 -1945 жылдары фронтта шайқасып, алыс қашықтықтағы атқышта ұшады. 1945 жылы «3-дәрежелі Даңқ» орденімен, «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «Кеңестік Арктиканы қорғағаны үшін», «1941-1945жж Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалдарымен марапатталды.

Соғыстан кейін 1945-48 жж М.Ж.Жандаев Воронеж педагогикалық институтында, одан кейін 1948-1952 жж Қ.И. Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтының аспирантурасында оқыды. Оқи жүріп, Солтүстік Тянь–Шань тауларында геоморфология бойынша далалық экспедициялық зерттеулер жүргізіп, тау–кен металлургия институтын тамамдады.

1952 жылы М.Ж. Жандаев «Іле Алатауының шығыс сілемдерінің геоморфологиясы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты атанды. 1953 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне жұмысқа жіберіледі. Университетте география факультетінің деканы, физикалық география, кейіннен геоморфология кафедраларының меңгерушісі қызметін атқарды.

Ал 1970 жылы «Іле Алатауының геоморфологиясы» тақырыбында алғашқы болып, география ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын қорғады.

Геология мен география саласындағы терең білімін ұштастыра жүріп, геоморфологияның көптеген жалпы және аймақтық мәселелерінің дамуына, қазақстандық геоморфология мектебінің құрылуына елеулі үлес қосты. 1969 жылы республика үшін алғаш рет Қазақ университетінде «геоморфология» мамандығына қабылдау жүзеге асырылып, бұл мамандық бойынша мамандарды даярлау доцент М.Ж. Жандаевқа жүктелді. 1974 жылы Қазақстанда ғана емес, Орта Азия Республикалары арасындағы жалғыз геоморфология кафедрасы ашылады. Бұл кафедра қазіргі таңда картография және геоинформатика кафедрасы атымен өз қызметін жалғастырып келеді.

М.Ж. Жандаевтың ғылыми қызметі физикалық географияның, геоморфологияның, төрттік кезеңнің геологиясының, сондай-ақ экология мен табиғатты қорғаудың барлық дерлік салаларын қамтиды. 1966 жылы ол Қазақстан мен Орта Азиядағы география бойынша диссертацияларды қорғауға арналған алғашқы кеңесті ұйымдастырып, 12 жыл бойы төрағалық етті. Бұл Кеңесте Республикамыздың, Қырғызстанның, Өзбекстанның, Түркіменстанның жетекші физгеографтары, геоморфологтары кандидаттық диссертацияларын қорғайды.

Мұқатай Жандайұлы жаңа оқу бағдарламаларының құрастырушысы, жаңа ғылыми идеялардың генераторы болып қана қоймай, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 160 астам ғылыми мақалалар, көптеген әдістемелік нұсқаулықтар, геоморфология бойынша оқулықтар жазған. Олар: «Жалпы геоморфология», 1986; «Геоморфологияның қысқаша курсы», 1994; «Өзен аңғарларының геоморфологиясы», 1998, «Іле Алатауының геоморфологиясы және өзен аңғарларының қалыптасу мәселелері», 1972;  «Қазақстанның табиғи байлығы», 1977, «Бурабай курорты», 1978; «Өзен аңғарлары», 1984 және т.б.  монографиялары бар. «Жандаевтың географиялық өлшеу құралы» және  Ж-94 географ бұрышөлшеуіші» деген аспаптар жасап, оған патент алды.

1984 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағы беріліп, 1990 жылы КСРО географиялық қоғамының құрметті мүшесі болып сайланады. Пржевальский медалімен марапатталды. Сондай-ақ М.Ж.Жандаев  пайдалы қазбалардың 4 кен орнын ашқан ғалым.

М.Ж. Жандаев үлкен қоғамдық жұмыстар жүргізген. Көптеген жылдар бойы Университеттің Ғылыми кеңесі мүшесі,  Қазақстан Географиялық қоғамының президенті, ММУ-дегі эрозиялық және арналық процестер мәселелері бойынша халықаралық ғылыми-үйлестіру кеңесінің мүшесі,  Қазақ совет энциклопедиясы Бас редакцияның мүшесі,  география факультетіндегі философиялық семинардың жетекшісі,  Қаз КСР ҒА География институтының мамандандырылған кеңес төрағасының орынбасары,  Абай атындағы Қазақ  Мемлекеттік университеті мамандандырылған Кеңесінің мүшесі болды.  Жезқазған, Петропавл педагогикалық институттарында, Қарағанды, Қырғыз, Әзірбайжан, Өзбек университеттерінде дәріс оқыды. Оның шәкірттері Қазақстанның барлық дерлік географтары мен геоморфологтары болып табылады. Олардың ішінде география ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, географиялық, геологиялық, экологиялық ұйымдардың жетекші қызметкерлері, оқытушылар бар.

М.Ж. жандаев ашқан кафедраның 50-жылдық мерейтойын атап өтті. Конфенренция аясында қазіргі геодинамиканың теориялық негіздері және қолданбалы аспектілері бойынша баяндамалар оқылып, талқыланды. Сондай-ақ М.Ж. Жандаевтың шәкірті, 1988-2000 жж аралығында геоморфология кафедрасын басқарған көрнекті ғалым, Лариса Константиновна Веселова атындағы дәрісхана ашылды.

Веселова Л.К. – жоғары білікті географ-картограф, зерттеуші және оқытушы. Ол Қазақстанның физикалық географиясы, тақырыптық картография, геоморфогенез саласында ауқымды жұмыстар атқарды. 260-тан астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде Scopus-та 6 мақала жарияланған.

Веселова Л.К. «Құрметті картограф», «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» сияқты жоғары марапаттардың иегері. Геоақпараттық технологияларды қолдана отырып, Қазақстанның тақырыптық карталарын жасауда ерекше үлес қосты.

Бұл да Мұқатай Жандайұлы негізін қалаған Қазақстан геоморфологиялық мектебінің жалғасын тауып келе жатқандығының айқын дәлелі.

У.К. КОЖАХМЕТОВА,

География және табиғатты

пайдалану факультеті,

Картография және геоинформатика

каферасының аға оқытушысы