«Қазіргі жағдайдағы криминалистика және сот сараптамасы»
2024 жылдың 5 сәуірінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасында криминалистика және сот сараптамасының қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Ғазизұлы Жәкішевті еске алуға арналған «Қазіргі жағдайдағы криминалистика және сот сараптамасы (рөлі, маңызы және даму перспективалары)» (22-ші жыл сайынғы Жәкішев оқулары) халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Онлайн, офлайн өткізілген конференцияда қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерді, мемлекеттің, қоғамның және адамның қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді ескеріп, криминалистика ғылымы мен сот-сараптама қызметін дамытудың ұлттық және халықаралық мәселелері талқыланды.
Конференция заң факультетінің деканы з.ғ.д., профессор Д.Л. Байдельдинов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының меңгерушісі з.ғ.д., профессор Р.Е. Джансараеваның жетекшілігімен ұйымдастырылып, өткізілді.
Конференцияға Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасының танымал ғалымдары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, М. Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ, «Narhoz» университетінің, Абай атындағы ҚазҰПУ, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің, М. Есбулатов атындағы ҚР ІІМ Алматы академиясының, Б. Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясының ғалымдары ғылыми баяндамалар жасап, қатысты.
З.ғ.д., профессор Аминев Ф.Г. (Башқұртстан), з.ғ.к., доцент Жук М.Г. (Беларусь), з.ғ.к., қауымдастырылған профессор Мушатова Г.А., сарапшы Сыздықбекова А.С. және басқа ғалымдар криминалистика ғылымындағы жаңа бағыттар, сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізудің жаңа әдістемелерін әзірлеу туралы қызықты және мазмұнды баяндамалар жасады.
Еркін Ғазизұлы Жәкішев 1934 жылы 13 желтоқсанда Павлодар облысының Ермак қаласында дүниеге келген. 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіргеннен кейін Ішкі істер министрлігі жүйесінде жедел уәкіл, Қарағанды облысы Осакаров ауданы прокуратурасының тергеушісі, Алматы және Талдықорған облыстары облыстық соттарының судьясы болып жұмыс істеді. Бұл құқықтық шындықты орнату бойынша ауыр және қауіпті жұмыстар болды.
1967 жылы Еркін Ғазизұлы ҚазКСР Әділет министрлігінің Қазақ сот сараптамалары ғылыми-зерттеу институтының криминалистикалық зерттеулер бөліміне ауысып, ақпараттық-талдау бөлімін басқарды. Институтта жұмыс істей жүріп, ол криминалистикалық сараптама жүргізу әдістемесін игерді, күрделі сараптамалық зерттеулер жүргізді және 1971 жылы дайындық ұйымдарында жасалған ұрлық істерін тергеудің криминалистикалық әдістемесін жетілдіру мәселелеріне арналған кандидаттық диссертацияны қорғады.
1972 жылы Еркін Ғазизұлы оқытушылық жұмысқа ауысып, ҚазМУ криминалистика кафедрасының доценті лауазымына сайланды. Кафедрада жұмыс істеген кезінде оқытушылық қызметімен қатар ұрлықпен күрес мәселелері бойынша ғылыми зерттеулермен және осындай қылмыстарды тергеудің криминалистикалық әдістемесін әзірлеумен айналысты. Польша, Болгария, Германия ғалымдарымен бірге экономика саласындағы жасырын қылмыстарды анықтау бойынша ғылыми тақырыпты әзірлеуге қатысты. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері оның 1994 жылы «Экономика саласындағы пайдакүнемдік қылмыстарға қарсы күрестің криминалистикалық әдістерін жетілдіру мәселелері» тақырыбында қорғаған докторлық диссертацияның негізі болды. 1995 жылы оған профессор ғылыми атағы берілді.
Е.Ғ. Жәкішевтің жетекшілігімен 10 кандидат және 1 заң ғылымдарының докторы ғылыми еңбектерін қорғады. Алғаш рет қазақ тілінде «Криминалистиканың дәстүрлі сипаттамасы және әдіснамалық негізі», «Криминалистикалық тактика» оның оқу құралдары жарияланды.
5 сәуір күні жыл сайынғы дәстүрлі Жәкішев криминалистикалық оқулары аясында қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері арасында криминалистика мен сот сараптамасын білуге арналған «Крим-экс» республикалық конкурсы өткізіліп, бұл іс-шараға қазақстандық жоғары оқу орындарының криминалистикаға үлкен қызығушылық білдіретін командалары қатысты. Конкурс криминалистикалық техника салалары бойынша блиц-сауалнамаларды, тесттерді шешуді, іздерді бекітудің практикалық тәсілдерін қамтыды: құймаларды, дактилокарталарды дайындау, тергеу жағдайларын талдау және бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарын жасау, сот сараптамаларын тағайындау және т.б. бойынша болды. «Крим-экс» республикалық байқауы соңында жеңімпаз командалар аталып марапатталды, оларға сыйлықтар берілді.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция соңында жұмыстың нәтижелері қорытындыланып, конференция материалдарының жинағы дайындалды. Сонымен бірге, оқуда озат, заң білімінде үлгілі нәтижелер көрсеткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Заң факультетінің екі студентіне Жәкішев шәкіртақылары тапсырылды.
Тапалова Р.Б. – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қауымдастырылған профессор, з.ғ.к.
Вареникова С.П. – Д.А. Қонаев атындағы ЕЗА қауымдастырылған профессор, з.ғ.к.
Досанов М.У. – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, з.ғ.к.