ҚазҰУ мен Қытай университеттері тәжірибе алмасуда

Отандық және халықаралық серіктес университеттермен ынтымақтастық біздің университетіміздің білім беру және ғылыми жұмысының ажырамас бөлігі болып табылады. 2024 жылғы 25 наурызбен 1 сәуір күндері аралығында Заң факультетінің Қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының оқытушылары мен жас ғалымдар кеңесінің өкілдері Қытайдың Шэньси провинциясындағы Сиань қаласындағы Орталық Азия студенттеріне арналған құқықтық мәдениет жөніндегі оқу лагеріне барып қайтты. Қазіргі таңда жоғары білім беру саласында Қытай мен Қазақстан серіктестігі тарихи мүмкіндіктерге, кең және келешегі зор жобаларға толы. Осы ұйымдастырылған іс-шара соның айқын көрінісі десекте болады.
Білім мен ғылым өркендесе, ел өркендейді. Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазіргі уақытта Қазақстандағы ең озық университеттерінің бірі. Бүгінде Қазақ ұлттық университеті Қытайдың 51 жоғары оқу орнымен серіктестік орнатып, тығыз жұмыс істеуде. Атап айтқанда: Шанхай шет тілдері университеті, Бейжің университеті, Ухан университеті, Гонконг политехникалық университеті, Шыңжаң университеті, Бейжің шет тілдері университеті және т.б.
Соңғы жылдардағы көрсеткіш бойынша Қытай – жаратылыстану бағыты бойынша әлемде көшбасшы мемлекет.
Сондай-ақ, қос мемлекеттер арасындағы бұл келісімдер — ғылыми бағытта бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізуге, студенттер даярлауға, білімді оқытушылар мен студенттер алмасуға, тәжірибемен бөлісуге үлкен мүмкіндік.
«Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы негізінде осы уақытқа дейін Қазақстан мен Қытай серіктестігі дамып, түрлі салаларда нәтижелі жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар Қытай университетінің филиалы Қазақстанда алғаш рет ашылуы бұлда бір тарихи оқиға болды.
Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қытай университеттерімен байланысты жандандыруға және нығайтуға бағытталған барлық жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратын болады. Біздің университеттер арасындағы достық пен ынтымақтастық нығайып, жаңа деңгейге одан әрі көтерілетініне сенімдіміз. Жас ғалымдардың ғылым жолындағы талабына қанат бітіріп, үлкер мүмкіндіктер сыйлап жатқан университетіміз ҚазҰУ-ға мың алғыс!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Заң факультеті, Қылмыстық құқық,

қылмыстық процесс және криминалистика

кафедрасының оқытушысы Р.Б. Тұрысбек