ҚазҰУ сапалы білім беру арқылы сапалы маман даярлауда

Қазіргі заманның басты талабы-сапалы білім арқылы жоғары білікті мамандар даярлау. Еліміздің дамуы, экономикасы мен әл-ауқаты тікелей сол мамандардың кәсіби деңгейіне байланысты. Сондықтан білім сапасын арттыру- мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі.Сапалы білім-бұл тек теориялық білім беру ғана емес, сонымен қатар, адамның шығармашылық және практикалық қабілеттерін дамыту. Қазіргі қоғамда білімді ұрпақ тәрбиелеу – ең маңызды міндеттердің бірі. Әрбір елдің дамуында, мәдениеті мен өркениетінде жастардың алар орны ерекше. Бүгінгі білімді ұрпақ – болашақтағы ғылымның, экономика мен саясаттың қозғаушы күші. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды сақтайтын және оны келешекке жеткізетін буын. Білімді, саналы, жан-жақты ұрпақ қана еліміздің ертеңіне зор үлес қоса алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Еліміздің барлық азаматы, әсіресе жастар мұны жақсы түсінуі керек және реформалардан шет қалмағаны абзал. Бүгінгі жас ұрпақ жаңғыру үдерістеріне атсалысып, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың игілігін толық сезінуі қажет. Дарынды, талапты және еңбекқор жастар, оның ішінде ғалымдар – заманауи Қазақстанның жарқын келбеті. Сапалы білім – тек жеке адамның емес, тұтас ұлттың табысты болашағын қамтамасыз ететін маңызды фактор. Білім беру жүйесінің сапасы жоғары болған сайын, елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуы қарқынды жүреді. Кәсіптік салалардың барлығы дерлік заманауи білім мен технологияға негізделген, сондықтан кез келген елдің дамуы оның білім жүйесінің тиімділігімен тікелей байланысты.
БҰҰ-ның бастауымен алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. «Тұрақты даму мақсаттары» – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму.Тұрақты даму мақсаттары концепциясының 4 бөлімі -сапалы білім. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы сапалы білім беру жолында аянбай еңбек етуде. Білім тек ғылыми жетістіктерге жетудің құралы ғана емес, ол ұлттық мәдениет пен тіл, тарихи құндылықтарды сақтаудың да негізі. Ұлттық бірегейлікті сақтау үшін әрбір ұрпақтың өз тарихын, мәдениетін терең түсінуі, ұлттық құндылықтарды құрметтеуі маңызды.
Сапалы білім кез-келген елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізі. Сапалы маман дайындау арқылы біз тек экономикалық өсімді ғана емес, сонымен қатар, тұрақты әлеуметтік дамуды қамтамасыз ете аламыз. Осы бағытта мемлекет пен білім беру мекемелерінің бірлесе жұмыс жасауы – жарқын болашақтың кепілі.
“Сапалы білім – сапалы маман кепілі” деген ұғым білім беру жүйесінің негізгі маңызын көрсетеді. Бүгінгі таңда кез келген саланың дамуы үшін кәсіби, білікті мамандар қажет, ал ондай мамандар тек сапалы білім беру арқылы қалыптасады. Бұл ұстаным келесі аспектілерді қамтиды:
1. Білімнің өзектілігі мен қолданбалылығы: Заманауи білім мазмұны еңбек нарығының сұранысына сай болуы тиіс. Теория мен практиканы үйлестіру болашақ маманның кәсіби деңгейін арттырады.
2. Оқыту әдістемесінің сапасы: Инновациялық тәсілдер, технологиялар және тәжірибелік оқыту болашақ маманның білімін нығайтады. Мұғалімдер мен оқытушылардың да кәсіби біліктілігі маңызды.
3. Жеке қасиеттердің дамуы: Сапалы білім тек білім берумен шектелмейді, ол тұлғаның сыни ойлау қабілеті мен жауапкершілігін дамытуға бағытталған.
4. Жаһандану кезеңінде бейімделу: Білім беру жүйесі халықаралық стандарттарға сәйкес болуы, шетелдік тәжірибелермен алмасу сапалы маман даярлауда маңызды рөл атқарады.Жоғарыда аталған факторлар аясында қара шаңырақ білім алушыларға дамуға барлық жағдайды жасаған десек артық айтқандық емес. Бүгінгі қоғам сапалы мамандарды талап етсе, оларды қалыптастырудың бірден-бір жолы — сапалы білім беру. Бұл ұстаным мемлекеттің тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің кепілі болып табылады.

Куаналиева Г.А.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.д., профессор
Ма Л.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының білім алушысы