ҚазҰУ студенттері аштық мәселесі жөнінде дөңгелек үстел өткізді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультеті қылмыстық құқық,қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының студенттердің ұйымдастыруымен «Аштық мәселесі: жаһандық проблема және оны шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 2-тармағы – «Аштықты жою, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту» тақырыбы аясында ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел барысында студенттер қазіргі заманғы аштық мәселесінің ауқымы мен салдарын талқылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сәйкес, әлемде 700 миллионнан астам адам күнделікті тамақтануға қажетті ресурстарға қол жеткізе алмай отыр. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі тек дамушы елдерге ғана емес, табиғи апаттар, экономикалық дағдарыстар және әлеуметтік теңсіздікке байланысты көптеген мемлекеттерге де қатысты. Шарада студенттер келесі мәселелерге тоқталды:

  • Жаһандық себептер: кедейлік, климаттың өзгеруі, су ресурстарының тапшылығы және ауыл шаруашылығының тиімділігінің төмендігі.
  • Қазақстанның жағдайы: елдегі азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығының дамуы және ауылдық аймақтардың экономикалық әлеуеті.

Қатысушылар Қазақстанның ауыл шаруашылығын цифрландыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және аграрлық сектордағы инновацияларды енгізу арқылы аштық мәселесін шешуге үлес қоса алатынын атап өтті.– «Аштық – тек физикалық емес, әлеуметтік проблема. Әлемдегі азық-түлік молшылығына қарамастан, теңсіздік аштықты жоюға кедергі келтіруде. Біз бұл мәселеге білім мен жаңа технологиялар арқылы әсер ете аламыз» деп қатысушылап өз ойларын айтты.Дөңгелек үстелде студенттер бірнеше практикалық ұсыныстар жасады:

1.Сандық технологияларды енгізу: Ауыл шаруашылығында смарт-технологияларды пайдалану арқылы өнімділікті арттыру.

2.Азық-түлік қалдықтарын азайту: Қалдықтарды қайта өңдеу және оларды мұқтаж жандарға жеткізу механизмдерін дамыту.

3.Климаттық өзгерістерге қарсы әрекет: Қазақстандағы агроэкожүйелерді тұрақтандыру үшін экологиялық шараларды қолға алу.

Шара соңында қатысушылар жастардың бұл мәселеде ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Олар өздерінің зерттеу жұмыстары, әлеуметтік жобалар және еріктілік арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуға дайын екендерін білдірді.Дөңгелек үстел аштық мәселесінің күрделілігі мен оны шешу жолдарына деген жаңаша көзқарасты ұсынды. Кафедра студенттері бұл бастама арқылы жаһандық проблемаларға бей-жай қарамайтындығын және өздерінің жауапкершілігін сезінетіндігін көрсетті. Осындай шаралар жастардың ой-өрісін кеңейтіп, оларды әлемдік деңгейдегі мәселелерді шешуге тартудың тиімді құралына айналуда.

Н. ТЕМІРБОЛАТ,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық

құқық, қылмыстық іс жүргізу және

криминалистика кафедрасының оқытушысы