Кетеван Абиатаримен бірге барокко музыкасының кеші
14 маусымда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында шақырылған солист, бірегей грузиялық әнші-сопрано әрі италиялық скрипкашы Кетеван Абиатаридің қатысуымен барокко музыкасының кеші өтеді. «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалі аясындағы шара классикалық музыканы бағалайтын жандарға танымал мейманмен ұмытылмас кездесу сыйлайды.
Концерт бағдарламасы барокко дәуірінің кемеңгер композиторларының аспаптық және вокалдық туындыларын қамтиды. Олардың қатарында Арканджело Корелли мен оның № 1, № 4, № 12 Гроссо концерттері, сондай-ақ Антонио Вивальди мен Риккардо Броскидің операларынан ариялар бар. Вивальди шығармашылығы «Олимпиада» операсынан Аминтаның «Son qual per Mare ignoto» және «Гризельда» операсынан Констанцаның «Ombre vane, ingiusti orrori» ариялары арқылы таныстырылады. Риккардо Броски өзінің «Артаксеркс» операсынан Арбаченің «Son qual nave ch’agitata» ариясымен кешке драмалық сипат үстейді.
Кетеван Абиатаридің өнер көрсетуін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі «Астана Опера» Камералық оркестрі сүйемелдейді.
— «Астана Операдағы» концертке барокко музыкасын таңдап алдым, өйткені, біріншіден Чезенадағы Консерваториядағы оқуымның соңғы жылдарында менің орындаушы ретіндегі қалыптасуым осы жанрда, қайта өрлеу және барокко дәуірінің әндерін айту факультетінде өтті. Бұдан бөлек, бұл дәуірде классикалық музыканың алдағы дамуының іргетасы қаланды, сондықтан менің ойымша, барокко музыкасы – маңызды, қызықты әрі өте әдемі. Вокалға келсек, мен бала кезімнен ән айтумен шұғылдандым, халық әндерін айтатынмын, бұл көптеген грузин отбасыларындағы қалыпты құбылыс. Күндердің күні сәті түскенде академиялық вокалмен кәсіби түрде айналыссам ғой деп әркез армандайтынмын, сөйтіп сондай мүмкіндік туғанда ынтамен жұмыс істей бастадым, — деді Кетеван Абиатари.
Әнші Қазақстанда алғаш рет 2010 жылы аспапшы ретінде болғанын еске алды. – Бұл Спиваков дирижерлік еткен жастар оркестрінің құрамындағы өнер көрсету болды, біз Астана филармониясының залында өнер көрсеттік. Ұзақ жылдан кейін көрермендерге солист ретінде қайта оралмақпын, сондықтан өте толқып тұрмын және зор жауапкершілікті сезінемін, десе де мен өте қуаныштымын және елдеріңізге келіп, қазақстандық көпшіліктің алдында өнер көрсететін күнді асыға күтемін, — деп қорытындылады ол.
Еске сала кетейік, Кетеван Абиатари – З.Палиашвили атындағы дарынды балаларға арналған Тбилиси орталық музыка мектебінің және В.Сараджишвили атындағы Тбилиси мемлекеттік консерваториясының түлегі, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты. 2009 жылдан бері I, Culture Orchestra, ТМД Симфониялық оркестрі (Мәскеу) және Бүкіләлемдік жастар оркестрі сияқты танымал ұжымдарда жұмыс істеген. Оның орындаушылық шеберлігі әлемнің үздік концерттік алаңдарында, оның ішінде Берлин филармониясында, лондондық Корольдік фестиваль залы мен Альберт-холлда, римдік Әулие Цецилия академиясында және тағы басқа сахналарда көрермендердің жүрегін жаулады.
Абиатари 2023 жылы Чезенадағы (Италия) Консерваторияның Қайта өрлеу және барокко дәуірінің әндерін айту факультетін бітірген, сондай-ақ Верди театрында Эмилио де Кавальеридің «Жан мен тән туралы түсінік» операсында дебют жасаған.
Барокко музыкасының кеші – өткен ғасыр жауһарларынан ләззат алуға және өзіңіз үшін фестиваль қонағы Кетеван Абиатаридің дарынының ерекше қырларын ашуға керемет мүмкіндік.