Кітап – ұлттың рухани байлығы

Жыл бойы елімізде 23 сәуір «Дүниежүзілік кітап күнін» атап өту дәстүрімізге айналған болатын, биылғы жылы алғаш рет «Ұлттық кітап күні» атауымен Республикалық деңгейде мәдени мереке болып атап өтілді. «Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу» деп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың ІІІ отырысында «Ұлттық кітап күнін» белгілеу туралы тапсырма берген еді. Алматы қаласының кітапхана басшылары мен қызметкерлері бұл күнді ерекше түрде атап өтуге және құнды іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысты. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында 10 түрлі маңызды шаралар мен «қала оқиды» атты флешмоб өтіп, кітап жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Сондай-ақ, кітап сүйер қауым шет ел жазушыларымен жүздесіп, Республикалық жастар конвентіне қатысуға мүмкіндік алды. Осы аталған конвентке ғылыми жобаларымен кафедраның «Кітапханалық ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.

«Ұлттық кітап күні» болып атау берілуі бүгінгі өскелең ұрпақ үшін, ғаламтор мен әлеуметтік желілерде телмірген жастарды кітап оқу мәдениетін арттыруға, сауаттылыққа жетелейтін орынды мереклердің қатарында болатыны сөзсіз. Кітап арқылы тәрбиелеп, мәдениетімізді, тарихымымзды терең ұғындыруға апаратын ұлы жол.

ҚР Ұлттық кітапханасындағы мәдениетіміз бен тарихымызды ұлықтайтын маңызды іс-шараның бірі «Қазақ кітабының сырлы шежіресі» деп аталған кітап көрмесі болды. Көрменінің мазмұнынан ұлт тарихынан сыр шертетін, тағылымы мол туындылар кездесті. Қазақ халқының кітабының тарихы 1807 жылдан бастау алғанын ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында 1900 ден астам атаулы кітаптардың мазмұнымен кітапхана қызметкерлері насихаттап таныстырды.

Сондай-ақ, мәдени мереке шеңберінде отандық баспалар мен кітап дүкендерінің қатысуымен түрлі кітап жәрмеңкелері де көздің жауын алды. Бұл кітап нарығындағы баспагерлерді, ақын, жазушыларды біріктіріп, қазақстандық баспалармен тығыз байоланыс орнату болды. Отандық авторлардың шығармалары мен жаңа туындылары кітап сүйер қауымның назарына ұсынылды.

«Кітап – руханият мәйегі болса, ал кітапхана – руханияттың ордасына» айналған мекемелерде рухани құндылығы терең шаралар көптеп ұйымдастырылды. 23 сәуір күні түске дейін ҚР Ұлттық кітапханасында болып, түстен кейін қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде болдым. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіндегі кітап қорын цифрландыру бөлім қызметіндегі процесстермен танысып, диссертациялық жұмысыма сәйкес біраз мәселелер байқалды.

«Кешегі шәкірт – бүгінгі білікті маман» демекші, кітапхана бөлімдерінен 2021 жылғы «Кітапхана ісі» мамандығын аяқтаған шәкірттерімді кездестірдім. Кітапхананы жаңа қырынан таныту, заман ағымына сәйкес түрлі іс-шараларды ұйымдастыру, кітапхананың заманауи келбетін қалыптастыру жастар қолында. Бұл күннің ұлттық деңгейде мерекеге ұласуы барлық кітап сүйер қауым мен жанашырларын қуантты. Осы тұста атап өтуге атсалысқан, бастаманы көтерген Бөріхан Нұрмұхамедов пен Айдос Сарым құрылтайшыларды атап өткен жөн.

Әлемдегі ең көп кітап оқитын мемлекетке айналу үшін біраз еңбектену мен күш, жігер жұмсауды қажет етеді, өйткені кітапхана саласында шешілмеген мәселелер жеткілікті. Олар: маман кадрлардың жетімпеушілігі, кітап қорын сапалы әдебиеттермен толықтыру, маман кадрлады оқытуда оқу құралдарының тапшылығы, кітапхана қызметкерлерінің жалақысының төмен болуы, кітапхана ғимараттарын өңдеу, жөндеу т.б.

Кітап оқуды насихаттау және жаңа технологияны меңгеріп, кітапханадағы бөлім қызметтерін түрлендіру, жүзеге асыру кітапханашы мамандардың басты міндеттерінің бірі. Жоғарыдан аталған мәселелердің шешімдерін табуға, кітапхана кадрларын даярлау мәселесі мен кітапханашы мамандардың беделін арттыруда бүгінгі күні кітапхана саласы мемлекет тарапынан қолдауды қажет етеді.

Тарих факультеті, Дүниежүзі тарихы және деректану кафедрасы,

Кітапханалық ақпараттық жүйелер білім беру

бағдарламасының 1 курс докторанты Н.Б. Денгельбаева