Климат дағдарысы Қазақстан болашағына қатер ме?!

Жаздың аптап ыстығы қайта басталды. Таулы аймақтарда лапылдаған орман өрттерінің түтіні көкжиекті басып, күннің сәулесі сұрғылт тұманға жасырынып қалды. Ауылдарда құдықтар құрғап, таза су іздеген адамдар әр тамшыны үнемдеуге мәжбүр. Ал қала тұрғындары таза ауаны тек таңғы ерте сағаттарда ғана сезіне алады.
Бұл – бір жылдың ғана суреті емес. Соңғы жылдары Қазақстан табиғаттың осындай күйзелісті белгілеріне жиі орын алып отыр. Орман-тоғайлар отқа оранды, өзендер мен көлдер тартылып барады, таза ауа мен су тапшылығы күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Климаттың өзгеруі – алыстағы болашақтың емес, бүгінгі күннің шындығы.
Неліктен бұл болып жатқан ғалымдардың айтуынша, Қазақстандағы орташа ауа температурасы соңғы жетпіс жылда шамамен 2°C-қа көтерілді – бұл жаһандық ортадан жоғары қарқын. Мұздықтар жыл сайын шамамен 1%-ға қысқарып, 2050 жылға қарай олардың басым бөлігі жойылуы мүмкін. Мұздықтардың жоғалуы – біздің негізгі су қорымыздың сарқылуы деген сөз.
Климаттың өзгеруі жауын-шашын мөлшерін де өзгертті: бір өңірде аптап ыстық пен қуаңшылық, екінші өңірде нөсер жаңбыр мен су тасқыны орын алуда. Мұндай құбылыстар ауыл шаруашылығына да, халықтың денсаулығына да ауыр соққы болып тиюде.
Бұл біздің өмірімізге тікелей әсер ете ме? Иә, әсер етеді.
Климат дағдарысы – тек табиғаттың ғана емес, біздің күнделікті өміріміздің мәселесі. Жаздың аптап ыстығында қала көшелерінде дем алу қиындап, балалар мен қарттар жедел жәрдем көліктеріне жиі түседі. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы бес жылда жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу ауруларына байланысты жүгінетіндердің саны айтарлықтай артқан.
Ауылдық жерлерде жағдай да оңай емес. Мәселен, Жамбыл облысындағы диқандар соңғы маусымда егін шығымының жартысын қуаңшылықтан жоғалтқанын айтады. Жайылымдар қурап, шөптің бағасы бірнеше есе қымбаттады – бұл мал ұстау шығынын күрт өсіріп, кейбір шаруаларды кәсібін жабуға мәжбүрледі.
Су да қауіпсіз ресурс болудан қалды. Іле мен Сырдариядағы су деңгейінің төмендеуі ауыл шаруашылығына ғана емес, тұтас аймақтардың әлеуметтік тұрақтылығына қауіп төндіреді. Сарапшылар егер жағдай өзгермесе, он жыл ішінде аймақаралық су даулары туындауы мүмкін деп ескертеді.
Климат дағдарысын тоқтату – тек Үкіметтің ғана емес, әрқайсымыздың міндетіміз. Қазақстанда қазірдің өзінде үміт беретін бастамалар бар. Маңғыстау өңірінде бірнеше шаруа қожалығы тамшылатып суару әдісіне көшіп, су шығынын екі есеге қысқартқан. Жетісудағы жас кәсіпкерлер күн панельдерін орнатып, электр қуатын өздері өндіруде. Павлодарда еріктілер жыл сайын мыңдаған ағаш отырғызу акцияларын өткізеді, ал Алматыда қалдықтарды сұрыптау мәдениеті біртіндеп қалыптасып келеді.
Осындай мысалдар көбейген сайын, климат дағдарысына қарсы күрес шынайы нәтижелер бере бастайды. Ең бастысы – әр адамның өз үлесін қосуы: көлікті сирек пайдалану, энергияны үнемдеу, суды ысырап етпеу және табиғатқа жанашыр көзқарасты қалыптастыру.
Үміт бар ма? Иә, бар. Әлемнің түрлі елдерінде және Қазақстанда да оң өзгерістер бар: жасыл энергетика жобалары, орман отырғызу акциялары, мектептер мен университеттердегі экологиялық бастамалар. Бірақ ең бастысы – әрекетті кейінге қалдырмау. Бүгін басталған қадамдар ертеңгі ұрпақтың тағдырын шешеді.
Климатты қорғау – тек табиғат үшін емес, біздің өміріміз үшін күрес. Егер біз әр тынысымызды бағаласақ, әр тамшы суды қадірлесек – болашағымызды сақтай аламыз.
Ғазиза Ұзақ