ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті «Amanat Drive» атауымен қаржы пирамидасының қызметін әшкереледі

Қаржы пирамиданың ұйымдастырушылары азаматтарға пайызсыз бөліп төлеу арқылы жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алуды ұсынған.
Алайда бұл міндеттемелер толық орындалмаған, ал мүлік туыстары мен жақындарына берілген.
Нәтижесінде қаржы пирамидасы 8 мыңнан астам салымшыны тартқан, олардың жалпы салған қаражаты 21 млрд теңгеден асқан.
Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру мақсатында, қаржы пирамиданың ұйымдастырушысы бірнеше деңгейлі заңсыз схема жасаған. Ол өз бақылауындағы заңды тұлғаларды — «Алло, не керек», «i-m@rketing», «Gold SapaPremium» ЖШС — пайдаланған.
Аталған компаниялар жалған жеткізушілер ретінде көрсетіліп, жарнама қызметтері, жылжымайтын мүлік пен көлік нарығына талдау мен болжау жүргізу секілді қызметтерді орындаған болып көрінген. Осы жалған шарттар негізінде 1,8 млрд теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, сыртқа шығарылған.
Қылмыстық кірістер есебінен жеке тұрғын үйлер, астанада пәтерлер, сондай-ақ HUMMER H2 және Lexus LX570 маркалы қымбат автокөліктер сатып алынған. Бұл мүліктер мүмкін болатын тәркілеуден жасырыну мақсатында сенімді адамдардың атына рәсімделген.
Сот санкциясымен аталған мүлікке және тұтыну кооперативінің шоттарына тыйым салынды.
Қаржы пирамиданың бас ұйымдастырушысы қамауға алынды.
Тергеу амалдары жалғасуда.
ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетейік, Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосулы.
Егер Сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне (https://www.instagram.com/p/DA-DZwxN47Z/?igsh=QkFJeTY1dUZyaA%3D%3D) жүгінуді сұраймыз.
Азаматтарды сақ болуға және күмәнді қаржылық ұйымдарға жинақтарын салмауға шақырамыз.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі