ҚМА және МКК акцизделетін өнімдер мен ЖЖМ заңсыз айналымымен күрестегі өзара іс-қимылды күшейтеді
Қаржылық мониторинг агенттігі мен ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті ағымдағы жылға мұнай өнімдерін әкетуге және акцизделетін өнімнің заңсыз айналымына жол бермеу жөніндегі Жол картасына қол қойды.
Құжат ведомстволар арасындағы одан әрі тиімді өзара іс-қимылға, заңсыз мұнай кәсіпорындарының тізбесін айқындау жөнінде бірлескен шаралар қабылдауға, мемлекеттік органдармен және квазимемлекеттік сектормен өзара іс-қимылға, акцизделетін тауарлар үшін тәуекелдерді басқару жүйесі үшін тәуекел бейіндерін әзірлеуге бағытталған.
Кездесу барысында МКК төрағасы Жандос Дүйсембиев акцизделетін өнім айналымы саласындағы күш-жігерді біріктірудің және көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары кезеңінде ЖЖМ-ге жоғары сұранысты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Айта кетейік, бүгінгі күні елден мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға тыйым салынды, алайда ағымдағы жылы МКК мұнай өнімдерін заңсыз әкетуге 299 әрекеттің алдын алды, ҚМА мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің 13 материалын тіркеді.
Бұдан басқа, халықтың денсаулығын қорғау мақсатында жасырын цехтарда есепке алынбаған алкоголь өнімін өндіруге қарсы іс-қимыл бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Кездесу соңында тараптар қол қойылған Жол картасы аясындағы одан әрі бірлескен жұмыстың нәтижелері елдің экономикалық дамуына, инвестициялық ахуалға және мемлекеттік бюджетке кірістердің ұлғаюына әсер ететінін атап өтті.