Қоқыстарды жинауға арналған қосымша әзірленді
inDrive компаниясының Spark Lab жобалық-білім беру зертханасының студенттері Мусору.Нет мобильді қосымшасын әзірледі, ол Алматы тұрғындары мен қонақтарына қоқыс тастайтын орындар мәселесін шешуге белсенді қатысуға мүмкіндік береді. Қосымшаның көмегімен кез-келген адам қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қоса алады: бар керегі – рұқсат етілмеген қоқыс орнын суретке түсіру, содан кейін оның орналасқан жері қосымшадағы картада көрінеді. Басқа қатысушылар бұл үйіндінің бар-жоғын растағаннан кейін жауапты адамдар қоқысты тазалауға кіріседі.
Өткен бір айда ғана Қазақстанда 1500-ден астам рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталды. 2022 жылдың қыркүйегінде жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша Алматы мен Астана тұрғындарының көпшілігі қоқыс үйінділерін шұғыл әрекет етуді қажет ететін мәселе деп санайды.
«Біздің студенттердің бұл жобасының маңыздылығы әртүрлі деңгейде танылды. Бізді оның ішінде үкіметтік Экология департаменті және Алматы қаласының Экология жөніндегі жобалық кеңсесі қолдап отыр, – дейді Spark Lab жобасының жетекшісі Петр Яковлев. – Мен студенттеріміздің қоғамдық мәселелерге қызығушылық танытқанына қуаныштымын және олардың бастамалары бізге қаламыздағы өмірді бірге таза етуге көмектеседі деп үміттенемін».
«Бірінші кезекте қосымша рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің саны туралы өзекті ақпаратты алуға мүмкіндік береді, өйткені біз анықталған және тазартылған орындардың статистикасын көрсетуді жоспарлап отырмыз. Бізді алматылықтар белсенді қолдайды деп үміттенеміз, өйткені біз бірлесіп қана нақты нәтижелерге қол жеткізе аламыз!» — дейді Мусору.Нет жобасының жетекшісі Нюргуяна Ефремова.
Мусору.нет Spark Lab-тың бірден-бір экологиялық жобасы емес. Зертхана студенттері сондай-ақ Қазақстан қалаларын көгалдандыру бастамасы, пластикті қайта өңдеу бойынша шағын орталықтар құру, су қоймаларындағы мұнайдың төгілуін мониторингілеу және т.б. сияқты жобаларды әзірлеп, іске асырып отыр.