Қонаев қаласында қандай өзгерістер күтілуде?!
Қонаев қаласында тұрғын үйлерді инженерлік желілермен қамтамасыз ету үшін бірнеше шара қолға алынған. Соның бірі – Самал, Ардагер ықшам аудандарында ауыз су құбырын тарту және электрмен жабдықтау шарасы, деп хабарлайды Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қонаев қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Ержан Тұрыспаевтың сөзінше, 2021-2022 жылдары арнайы жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Аталған жоспарға сәйкес, Самал, Ардагер шағын аудандарында 18 дана трансформатор қойылып, 33 шақырымнан астам электр желісі тартылады. Сондай-ақ 1000 текше метр көлемдегі су сиятын резервуар орнатылып, 5,3 шақырым су құбыры жүргізіледі. Айта кетейік, бұл тек жеке тұрғын үйлердегі инженерлік-инфрақұрылымды дамыту үшін жасалған жоба.
«Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша «НКО» ЖШС таңдап алынды. Мердігер компаниямен 2 млрд 816 млн. теңгеге келісімшартқа отырдық. Құрылыс жұмыстары ақпан айының 15-нен басталады. Қаражаттың бөлінуіне байланысты жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады. Аяқталу мерзімін 2025 жылдың қаңтар айына жоспарлап отырмыз», – деді бөлім басшысы.