Қонаев қаласында мүмкіндігі шектеулі 53 бала шипажайда ем алды
Бұл туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ернұр Абдалиев мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-анасымен кездесуде айтты.
Басқосуға Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова, прокуратура, тиісті басқарма өкілдері қатысты.
Ернұр Абдалиевтің сөзіне сүйенсек, Қонаев қаласында 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 316 және 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 131 бала өмір сүреді. Оның ішінде, 105-і мектепте инклюзивті білім алады.
Ал арнайы оңалту бағдарламасына сәйкес, әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде 49 балаға қызмет көрсетіледі. 15 бала «Алтын бала» қоғамдық бірлестігінде, 31 бала «Қапшағай Самға» мүгедектер қоғамдық бірлестігінде, 26 бала «Қонаев қаласындағы күндізгі болу орталығына» қызмет алады.
«Биыл 138 бүлдіршін міндетті гигиеналық құралмен, 106 бала ортопедиялық аяқ киіммен, 11 бала сурдотехникалық құралдармен, 2 бала тифлотехникалық құралдарымен, 4 бала арнаулы жүріп тұру құралдарымен қамтамасыз етілді, 53 бала шипажайға жолданды», — деді бөлім басшысы.
Сондай-ақ жиында мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылардың баспана алу, бизнес ашу, инвотаксимен қамтылуы секілді мәселелер талқыланды. Басқосу соңында арнайы хаттама әзірленіп, барлық проблемалар жазып алынды.