Қонаев қаласының дәрігерлері өкпе қабынуымен ауыр халде түскен жүкті әйелді құтқарып алды
Жаңа жылдың бірінші күні Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының қабылдау бөлімшесіне жүктілігі 21 апта 3 күн болған жергілікті тұрғын жеткізілді. Дәрігерлер науқасқа «Екі жақты полисегментарлы өкпе қабынуы» диагнозын қойып, жағдайын ауыр деп бағалады және тыныс алуының нашарлауына байланысты, жансақтау бөлімшесінде бар озық медициналық құрал-жабдықтарды қолдана отырып, қарқынды емді бастады. Екіқабат әйел мен әлі туылмаған нәрестенің өмірлік көрсеткіштерін тәулік бойы бақылауға алды.
Болашақ ананың сөзіне сүйенсек, Ракишева Айман Галимжанқызы, Оңғарова Айсұлу Набатқызы, Нұғманова Гаухар Файзуллақызы, Абдувалиева Раушан Бекжанқызы, Қалиева Айнаш Алтайқызы, Жиренбаев Данияр Қаратайұлы сынды білікті дәрігерлер оның өмірі үшін күні-түні күресті.
Үш аптаға жуық уақыт өткен соң, болашақ ана жансақтау бөлімшесінде жанына аурухананың директоры, акушер-гинеколог дәрігері Айман Галимжанқызы Ракишеваның келіп, қолын алып, жылулыққа толы сөздер айтқанын және олар жүрегінде мәңгілікке сақталып қалғанын сөз етті және бұл қолдау оның рухын көтеріп қана қоймай, үмітін үзбеуге көмектескен екен. Олар: «Берілме! Отбасың сені үйде күтуде! Өмірің үшін күрес, бізге көмектес!» — деген сөздер болатын.
Расында да оны үйде алты баласы күтіп отыр еді, ең кішісі небәрі екі жаста.
Әйел амбулаториялық — емханалық қызмет дәрігерлерінің бақылауына, жағдайы қанағаттанарлық, жүктілігі үдемелі күйінде алынып, бүгін ауруханадан үйіне шығарылды. Барлық көрсеткіштері қалыпты, денсаулығы қанағаттанарлық. Сұқбатымыздың соңында біз әйелге зор денсаулық тілеп, нәрестесін бауырына аман-есен алуын тіледік!