Қонаев қаласының шағын аудандарыда қандай құрылыс жұмыстары жүреді?
Қонаев қаласында халық саны күннен күнге көбейіп, жеке тұрғын үйлер салынып жатыр. Қарқынды құрылысқа байланысты қаладағы бірнеше шағын аудандарда инфрақұрылымдық желілерді тарту, жаңғырту бағытында жұмыстар жүріп жатыр.
Бүгін соның бірнешеуіне тоқталуды жөн көрдік. ТҮКШ бөлімінің мәліметіне сәйкес, 8-10 ықшам аудандарында су желісі мен кәріз желісін қайта жаңғырту жобасы іске асуда. Жоба бойынша 26 шақырым су құбыры және 8 шақырым кәріз құбыры тартылып, 7-ші шағын кәріз сорғы станциясын іске қосу қарастырылған. Жұмыстар биыл аяқталады деп жоспарланған. Жобаның жалпы құны — 1,2 млрд. теңге.
Сондай-ақ осы шағын аудандарда электр желілерінің жиі істен шығу мәселесін шешу мақсатында қосымша 3 трансформаторлық қосалқы станциялары мен 100 бағана орнатылды. Қазіргі таңда оларды іске қосу бойынша жұмыс жүріп жатыр.
2023 жылдың қараша айынан бастап 8, 10 шағын аудандарында автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өтіп, басты көше кеңейтілуде. Жоба биылға өтпелі.
Ал Гүлдер ықшам ауданында жаңа электр желілері жүргізіліп, 80 жарық бағанасы және 1 дана 400 кВт трансформатор орнатылды. Жақын арада трансформатор қолданысқа беріліп, абоненттер электр желісіне қосылады.
Бұдан бөлек, «Қарлығаш» шағын ауданының автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жобасы түзетуден өтіп, 2023 жылы мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Биылға 286 млн теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда мердігер ұйымды анықтау жұмыстары жүріп жатыр.
Былтыр қазан айында аталған екі шағын ауданда «Сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта жаңарту» жұмыстары басталды. Оған бюджеттен 481 645,8 мың теңге қаржы қарастырылған. Аталған жұмыс бойынша 17.8 шақырым су құбыры, 7.13 шақырым кәріз құбыры тартылуы керек. Алайда, мердігер компания міндетін өз деңгейінде орындаған жоқ. Сәйкесінше, сотқа талап арыз жолданып, серіктестік «жосықсыз мердігер компаниялар» тізіміне енгізілді. Инженерлік желілермен қамту жобасы басқа компанияға беріліп, жұмыс жалғасады.