Қонаевта Балаларды қорғау күні тойланды
Балаларды қорғау күні Қонаевта ерекше, кең ауқымда тойланды. Алдымен қала әкімі Асхат Бердіханов емханада ем қабылдап жатқан балапандарды құттықтап шықты.
Кейіннен орталық алаңда гала-концерт қойылды. Шара балабақша түлектері, бірқатар жетістіктерге жеткен оқушылардан, спортшылардан, «Жас сарбаз», «Жас полицей» сыныптарының оқушыларынан құрылған шерумен ашылды. Кейіннен биші балақайлар түрлі ұлт өкілдерінің биін биледі.
Гүлдей жайқалған бишілерден кейін қала әкімі тұрғындарды мерекемен құттықтады.
«Бүгінгі күні облыс орталығында 22 мыңнан астам балаларымыз бар. Олардың арасындағы өңіріміздің намысын қорғап, үлкен додаларда жерлестерін қуантып, жыл басынан 100-ден аса медальға ие болған жас спортшыларымызды мақтанышпен айта аламыз. Қонаевта жалпы 13 290 оқушымыз білім алса, олардың арасында облыстық, республикалық және халықаралық дәрежелердегі түрлі байқаулар мен ғылыми жобаларда да 500-ден астам оқушыларымыз жүлделі орындарға қол жеткізді. Бұл – үлкен жетістік. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын!» – деді Асхат Бердіханов.
Кейіннен ол мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерге құрмет көрсетіп, сый-сияпат табыс етті. Айта кетейік, бүгін шаһар басшысының атынан 600 балаға сыйлық, мектеп оқушыларына 1000 балмұздақ таратылды.
Концерт барысында күй шертіліп, ән айтылды. Суретші, тігінші, қолөнерші балақайлардың шығармашылығынан көрме қойылды. Жас жеткіншектердің танымын кеңейту мақсатында төтеншеліктер арнайы техникадан көрме ұйымдастырды. Өрт сөндіруші мамандығы жайында оқушыларға ақпарат берді.
Сондай-ақ отбасылық ойындар өткізіліп, балалар алаңда шахмат ойнады, волейбол, баскетбол, бокс секілді спорт түрлерінен қойылым көрсетілді.
Жалпы мерекелік іс-шара 3 сағатқа жалғасты. Салтанатты кешке 1500-нан астам бала қатысты.