Көп балалы ана кәсіпкерлікке бет бұрды
Көпбалалы ананың бастамасымен Хромтауда бұрын-соңды болмаған кәсіп түрі пайда болды. ERG-дің қаржылық қолдауымен ашылған Qadam оқыту орталығының тағы бір шәкірті қаланың қақ ортасынан химиялық тазалау пунктін ашты. Хромтау қаласында енді Rada Dry Cleaning химиялық тазалау қызметі жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда арнай курстар арзан емес. Айталық, психологиялық тренингтің бір сағатының құны – 25-30 мың теңге. Оған жазылуды кез келгеннің қалтасын көтере бермейді. Ал осындай мүмкіндіктерді Еуразиялық Топ аналар мен жастарға сыйлап жатыр. Өткен жылдың наурыз айында Үкіметтік емес ұйымдар ERG-дің қаржылық қолдауымен Хромтауда жұмыссыз, көпбалалы әйелдер мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық оқыту орталығын ашқан болатын. Неге десеңіз, бұл қалада Топтың ірі кәсіпорындарының филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты жұмыс істеп тұр. Ол кәсіпорын қызметкерлерінің отбасыларына, қала тұрғындарына қолдау көрсету мақсатында ашылған еді. Онда тігін ісі, актерлік шеберлік, мобилография, графикалық дизайн, ағылшын тілі және жеке тиімділік дағдылары сынды бағыттарды қамтыған тегін курстар бар. Биылдан бастап мұнда визажист курсы ашылмақ.
Көпбалалы Радда Құлсарина – осы орталықтың күні бүгінге дейін білім алып келе жатқан шәкірті. Ол алғашында тігін ісін, кейін мобилография курстарын оқып, кәсіп бастауға ниеттенген. Алайда, шығармашылық орталықтың тиімділік дағдыларын да қатар алып, PR маманы, психолог, Qadam оқыту орталығының негізін қалаушы Айнұр Қалдығұлованың жеке сабақтарына жазылып, бүгінде өзінің жеке химиялық тазалау орталығын ашты. Бұл – Хромтаудағы алғаш ашылып жатқан кәсіптің бірі. Бұрын хромтаулықтар химиялық тазалау үшін Ақтөбеге қатынайтын. Бір жарым сағаттық жолға шығу үшін демалыстарын күтіп, біраз әбігерге түсетін еді. Химиялық тазалау пункті ашылғанын естіп, қуанған халық көп болды.
– Жолдасым басқа мекемеде вахталық әдіспен жұмыс істейді. Алайда Дөң тау-кен байыту комбинатына жұмысқа тұруды жоспарлап жүр. Өзім санитарлық-эпидемиологиялық станцияда қызметтемін. Төрт баланың анасымын. Қазір нарық талабы – кәсіп ашып, еңбек ету. Бұған дейін киім тазалау ісін үйден жасап көрдім. Жеке брендімді қалыптастырып, көбірек тапсырыс қабылдауға екі ойлы болып жүрген едім, — деді Радда Жолаушыбайқызы. – Бірақ өзім оқыған орталықтың жеке тиімділік дағдыларын үйрететін Айнұр ханымның онлайн курсына жазылып, осы істі қайта қолға алдым. Маған қолдау білдірген жолдасыма, мүмкіндіктер ұсынған шығармашылық орталыққа алғыс айтамын.
Таңғы тоғыздан кешкі жетіге дейін жұмыс істейтін пункт 16 келілік кір жуу және кептіру машинасымен, бумен үтіктеу машинасымен жабдықталған. Радданың айтуынша күніне 180 келідей кір қабылдайды екен. Қазірдің өзінде екі күнде 100 мың теңгеге дейін табысқа шығып отыр. Бастамасы жаман емес секілді.
– Әр адам – өз өмірінің авторы, — дейді психолог, Qadam оқыту орталығының негізін қалаушы Айнұр Қалдығұлова. – Өмірін қай арнаға бұрғысы келеді – әркімнің өз қолында. Кәсіп ашамын дегенге қолдау көп. Тек қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдалана білу қажет. Qadam оқыту орталығы ашылғанда өзімнің жеке курсымды дайындап, осындағы шәкірттерге өткізуді жөн санадым. Мұнда кәсіп бастап, жақсы табыс тапқысы келетін әйелдер қауымы жиналды. Сондықтан «жеке дағдылар» онлайн курсын әлі күнге дейін жүргізіп жатырмын. Аптасына екі рет, бір сағаттан өткізіп тұрамын. Бұл курсқа шектеу жоқ. Негізгі сабақтардан соң платформаға кіріп, кез келгені пайдалы инсайттар ала алады. Жұмысымыздың нәтижесін көріп жатырмыз. Бізден тәлім алғандардың бірі – Радда. Қуаныштымын. Пайдасына жарар, игілігіне тұтынар білім бере алсақ, бізге осының өзі – үлкен жетістік.
Күрделі пішілген, қымбат маталардан тігілген, моншақтармен безендіріліп, қолмен кестеленген немесе әртүрлі маталардың үйлесімі бар киімдерді баппен жумаса болмайды. Соған сай қолжетімді бағада химиялық тазалаумен жуатын Радданың қызмет құны да аса қымбат емес. Мысалы, сыртқы киімдер ұзындығына қарай 5-8 мың аралығы болса, құндыз тондар 20-25 мың, одан бөлек бір жарымдық көрпелер 4 мың теңгеге шықса, үлкендеу көлемін 5 мың теңгеге жуады. Екі-үш күн күнде жуып, кептіріп, үтіктеп, арнайы пакеттермен қаптап дайындап береді.
Тағы бір айта кететін тұс – Радда бұл кәсіпті бизнес бастау немесе өзге де мемлекеттік гранттарға қатыспай-ақ, өзінің қаржысына ашып, шағын ғана жерді жалға алып отыр. Алда кәсібін кеңейтіп, жұмысшылар алуды да көздейді.