Корея Республикасындағы отандастар алғашқы болып референдумға қатысты
Қазақстан Республикасының азаматтары референдумда өздерінің конституциялық құқықтарын алғашқылардың бірі болып Корея Республикасында жүзеге асырды.
Сеулдегі референдумда бірінші қазақстандық болып халықаралық ұйым қызметкері Камила Маутова дауыс берді.
«Бұл шешімнің еліміздің болашағы үшін маңызы зор, ал референдум — қоғамның барлық көзқарастарын ескеру, шешім қабылдауда ашықтықты қамтамасыз ету мүмкіндігі. Үкімет әркімнің пікірін тыңдауға тырысады және біз, азаматтар үшін бұл үдеріске белсенді қатысу өте маңызды», — деді К.Маутова.
Ол сондай-ақ шетелде тұратын көптеген қазақстандықтар біздің дипломатиялық өкілдіктердің күш-жігерінің арқасында референдумға қатысу мүмкіндігіне ие болғанын айтты. «Бұл біздің еліміздің болашағы үшін маңызды шешім қабылдаудың ұжымдық мүмкіндігі және бұл референдум экономикалық даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп ойлаймын», — деді дауыс беруші.