Көрнекті мәдениет қайраткерлері ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлының музей-үйі аумағына гүлдер отырғызды

Белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет, әнші әрі композитор Қадырғали Көбентай, «Ұлт ұстазы» телехикаясында Ахмет Байтұрсынұлының рөлін сомдаған танымал актер Байғали Есенәлі және басқа да белгілі мәдениет қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне іргелес аумаққа гүл екті. Олар музей ұжымымен бірге бұл жобаның қала «өмірі» үшін маңызды екенін айтты. Шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттары, Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері мен «Ахметтану» оқу орталығында тағылымдамадан өтіп жатқан мектеп оқушылары да қатысты.
Гүл отырғызу сазды бағдарламаға ұласты – жас күйші Толғанай Қасенова күй ойнаса, әнші, блогер Ділназ Бердалиева жасыл-желек отырғызу науқанына қатысқандар үшін бірқатар ән орындады.
Іс-шара соңында Алматы қаласы Музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова барлық қатысушыға алғыс білдірді, ал музей-үйінің жетекшісі, ахметтанушы ғалым Райхан Имаханбет оларға жазушы Дидар Амантайдың «Ахмет Байтұрсынұлы: тіл мұраты, болмыс философиясы» кітабын және өзінің «Ғасыр саңлағы» атты авторлық басылымын сыйға тартты.
Айта кетейік, Алматы әкімі Ерболат Досаев қалада бір айға жалғасатын «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны басталғанын жариялады.
Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуірде «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны басталды. Әрбір тұрғын қаланың дамуы мен абаттандырылуына өз үлесін қоса алады.
Барлық ақпарат almaty.kz сайтында, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілерінде орналасқан. Сондай-ақ, веб-сайтқа арнайы QR-код арқылы қала бойынша орналастырылған баннерлерде, плакаттарда және афишаларда кіруге болады.