Қостанай облысында есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті

Қостанай облысында есірткінің алдын алу жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Қостанай облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрбол Саденнің төрағалығымен есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.

Іс-шара іскерлік әрі сындарлы жағдайда өтіп, құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдар, қоғам қайраткерлері мен медиа саласының өкілдері қатысты. Кездесудің негізгі тақырыбы — есірткіге қарсы күресте ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту. Қатысушылар қазіргі жағдайды талқылап, жыл соңына дейінгі жоспарларын айқындады және нақты ұсыныстарын ұсынды.

Негізгі бастамалардың бірі — кеңес мүшелеріне бірыңғай киім үлгісін әзірлеу. Бұл бірлік пен ортақ мақсаттың символы болмақ. Сондай-ақ барлық Кеңес мүшелеріне арналған оқыту семинарын өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл жастармен, студенттермен және мектеп оқушыларымен қалай және не туралы сөйлесу керектігін білу арқылы алдын алу жұмысын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

Мақсат — жастардың есірткіге деген тұрақты теріс көзқарасын қалыптастыру. Отырыс барысында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуда белсенділік танытқан бірқатар қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.

Сонымен қатар бірінші жартыжылдықтағы қызметінің қорытындысы бойынша кейбір Кеңес мүшелерінің алдағы уақытта қатысуының орынды-орынсыздығы талқыланды. Кеңес құрамына жаңа үміткерлер ұсынылды — олар белсенді қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдарының, білім беру және бизнес саласының өкілдері.

Қостанай облысындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес — полиция, қоғамдық институттар мен белсенді азаматтардың есірткінің таралуына бірлесіп тиімді түрде қарсы тұра алатынының жарқын мысалы. Кеңеске қатысушылардың ортақ мақсаты – өсіп келе жатқан ұрпақ үшін салауатты, қауіпсіз және саналы болашақ құру. Бұл жолда әрбір бастама, әрбір сөз, әрбір акция маңызды.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі