Қостанай облысында сапасыз тауар сатқан сатушы жауапқа тартылды

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Қостанай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті кәсіпкерге сапасыз тауарды қайтармау фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Тексеру барысында тұтынушы автодүкеннен беріліс қорабын сатып алғаны анықталды. Автокөлік бөлшегін техникалық қызмет көрсету станциясында орнату кезінде тауарда ақау шыққан. Тұтынушы оны кері қайтармақшы болған кезде, дүкен ақшаны қайтарудан бас тартқан. Ақаудың себептерін анықтау мақсатында тауар сатушыға қайтарылған.
Тұтынушы құқықтары мен заңды мүдделері бұзылғаны үшін сатушының атына шағым түсірді.
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 30-бабының 2-тармағына сәйкес, тауардан ақау шыққан жағдайда және оның ауыстырылуын талап еткен кезде сатушы тауарды дереу ауыстыруға міндетті немесе, егер тауардың сапасын қосымша тексеру (техникалық сараптама) қажет болса, талап қойылған күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде ауыстыруға міндетті.
Заңның 15-бабының 1-тармағына сәйкес, сапасыз тауар сатып алған тұтынушы, егер тауардың ақаулары сатушы тарапынан айтылмаған болса, өз таңдауы бойынша:
- сатып алу бағасының пропорционалды төмендеуін талап етуге;
- тауардағы ақауларды тегін жоюды талап етуге;
- тауардағы ақауларды жоюға кеткен шығындарын өтеуді талап етуге;
- тауарды ұқсас маркалы (моделі, артикула) тауарға ауыстыруды талап етуге;
- басқа маркалы (моделі, артикула) тауарға ауыстыруды және сатып алу бағасын қайта есептеуді талап етуге;
- шартты бұзып, тауар үшін төленген ақшаны қайтаруды талап етуге құқылы.
Жоспардан тыс тексерудің нәтижесінде сатушы тұтынушының талаптарын негізсіз орындаудан бас тартқаны және заңмен белгіленген мерзімде шағымға жауап бермегені анықталды.
Анықталған бұзушылықтар негізінде кәсіпкер тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 350 000 теңге сомасындағы тауар үшін тұтынушы төлеген ақша қайтарылды.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Баспасөз қызметі