ҚР Парламенті Сенат депутаттарының Назарбаев Университетіне сапары
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері Назарбаев Университетіне (NU) келді. Сапар мақсаты – еліміздің жетекші университетінің қызметімен, және отандық ғылымның дамуына үлес қосып жүрген қазақстандық жас ғалымдармен танысу.
Кездесу барысында NU Президентінің міндетін атқарушы доктор Илесанми Адесида сенаторларға ғылыми-зерттеу университетінің қызметі, оның принциптері, дамудың негізгі кезеңдері мен халықаралық беделді рейтингіне кіруі туралы айтып берді.
«NU үшін университеттің білім беру бағдарламаларының бүкіл әлемде танылғаны маңызды. Біздің бағдарламаларымыз NASPAA, BALEAP, AMBA сияқты халықаралық кәсіби аккредитацияларға ие. Бұл бағыттағы дамуды жалғастырамыз. Сондай-ақ, бастапқыда зерттеу университеті ретінде ойластырылған NU зерттеулерге қатты көңіл бөледі. Бұл бізге Times Higher Education рейтингі бойынша бар болғаны 13 жылда әлемдегі зерттеу университеттердің 30%-ының қатарына енуге мүмкіндік берді», — деп атап өтті доктор Адесида.
Сапар барысында сенаторларға NU кампусының бас жоспары, батареялық және электронды микроскопиялық зертханалары және Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) әзірлемелері көрсетілді.
NU-дың жас ғалымдары депутаттарға жоғары өнімді энергия сақтау құрылғыларын жасау жобалары туралы айтып берді, соның ішінде литий-иондық аккумуляторлар мен сулы батареялар. Сенаторлар әсіресе механикалық энергияны электр энергиясына түрлендіретін кардиостимуляторларға және жаңа энергия сақтау құрылғыларын әзірлеу бойынша амбициялық жобаларға назар аударды. Сондай-ақ депутаттарға NU зертханасында нанообъектілер зерттелетін аса қуатты микроскоптардың жұмысы көрсетілді.
4 жыл бұрын NU-да құрылған Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) зерттеушілері AI саласындағы соңғы жобаларын көрсетті. Бұған дейін қазақ тіліндегі дауыстардың ең үлкен дерекқорын жинау және талдаудың арқасында ISSAI ғалымдары мемлекеттік тіл үшін бірінші автоматты түрде сөйлеуді танудың (ASR) моделін әзірледі, содан кейін қазақ мәтінін сөйлеуге түрлендірудің алғашқы корпусын жасады (KazakhTTS). Сенаторларға түркі тілдері үшін көптілді сөйлеуді тану қалай жұмыс істейтіні, 4 тілге екі жақты машиналық аударма және АI саласындағы басқа да жобалар көрсетілді.
Орталық Азиядағы ең үздік ғылыми-зерттеу университетінің әзірлемелерімен танысқан Парламент Сенаты Комитетінің Төрағасы Жүсіп Нұртөре университеттің Қазақстандағы ғылым мен білімнің дамуына зор үлес қосып отырғанын атап өтіп, басқа отандық университеттермен тәжірибе алмасу маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – еліміздегі ғылымның жай-күйін жақсарту мәселесі мен ұсыныстарды талқыға салу болып табылады. Университеттің жас ғалымдары — мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, ғылымның тілі меңгерген, шетелде тәжірибе алып, үлкен мектептерден өткен азаматтардың еліне қызмет еткендеріне куә болып жатырмыз. Осыған шексіз қуаныштымыз» — деді Нұртөре Жүсіп.
“Бүгін біз мемлекет басшысы қойып отырған ғылымды дамыту мәселелерін арнайы түрде қарап өттік. Бұл университеттегі үлкен заманауи лабораториялардың өз деңгейінде дамып жатқанына және үлкен жаңалықтардың ашылатынына күмәнім жоқ. Әрине ғылымы мен білімі дамыған ел әрқашанда алдынғы қатарда болатыны белгілі”, — деп атап өтті депутат Нухұлы Алтынбек.
NU әкімшілігінің өкілдері — Президентінің м.а доктор Адесида Илесанми, Атқарушы Вице-президент Аслан Сәрінжіпов, Вице-президенттер Дархан Біләлов, Әсел Уәлиева, Қадиша Даирова және Массимо Пиньятелли, және зерттеулер жөніндегі вице-декан, профессор Жұмабай Бәкенов — Сенат депутаттарына көңіл бөліп, келгендері үшін алғыстарын білдірді. Олар NU әлемдік ғылыми-білім беру қауымдастығымен сапалы интеграцияны және білім беру жүйесін дамыту және ғылыми әлеуетті арттыруда қазақстандық университеттермен тығыз синергияны жалғастыратынына сендірді.