ҚР ТСМ алқасы: Спорттың қолжетімділігін арттыру арқылы дені сау ұлтты қалыптастыру

Елордада Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің дене шынықтыру және спорт, ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу салаларындағы 2023 жылғы қызметі мен 2024 жылға қойылған негізгі міндеттері туралы кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары, Ұлттық Олимпиада комитеті, республикалық федерация өкілдері, ұлттық құрамалардың бас жаттықтырушылары, олимпиадалық спорт түрлері бойынша Мемлекеттік жаттықтырушылар және министрліктің бағынысты ұйымдарының басшылары қатысты.

Ермек Маржықпаев баяндамасында 2023 жылғы жетістіктерге егжей-тегжейлі тоқталып, ведомствоның негізгі міндеттері мен жоспарларын ұсынды. Министр былтыр халықты дене шынықтыру және спортпен қамту өскенін атап өтті. Өңірлер бойынша Атырау облысы (44%), Абай облысы (41,8%), Алматы қаласы (41%) көш бастап тұр. Дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 27,3% — ға (984 мың адам) жетті. Мүгедектігі бар адамдар арасында дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатындар саны 57 мыңға жуық адамды немесе 17,5% құрады. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 1,5% — ға көп.

Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулудың негізгі құралы – спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі. 2023 жылы мемлекеттік спорттық тапсырыс шеңберінде 250 мың бала мен жасөспірім 7 мыңнан аса спорт үйірмесіне барды. 2024 жылы аталған бағдарламамен 300 мыңға жуық бала мен жасөспірімді қамту көзделген. Жоғары оқу орындарының студенттері үшін жыл сайын түрлі дәрежедегі Студенттік лигалар, Универсиадалар, спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. 2023 жылы жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша 626 мыңнан астам студент немесе білім алушылардың жалпы санының 57,7% дене шынықтырумен және спортпен қамтылған.

«Спорт инфрақұрылымын дамыта отырып, бұқаралық спортты насихаттау дені сау ұлтты қалыптастыру мәселесіндегі басты міндет. Осыған байланысты спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру мемлекеттің ерекше бақылауында. 2023 жылы 1000 адамды спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 52,2% құрады. Сондай-ақ биыл «жылдам бой көтеретін 100 спорттық нысан» жобасын іске қосу жоспарлануда», — деді Ермек Маржықпаев.

Министрліктің маңызды міндеттерінің бірі – Париждегі жазғы Олимпия ойындарына сапалы дайындалу және сәтті өнер көрсету. Мемлекет басшысы атап өткендей, министрлік, Ұлттық Олимпиада комитеті мен федерациялар арасындағы байланыс үзіліп, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың орындалмауына алып келді. Осыған байланысты, саланың жетекші сарапшыларын тарта отырып, Париждегі Олимпиадаға дайындық жөніндегі Штаб құрылды. Штаб барлық мүдделі тараптар арасындағы тиімді байланысты үйлестіреді және қамтамасыз етеді.

«Қазіргі уақытта елімізде спортшыларды бастапқы кезеңнен жоғары жетістікке жеткенге дейін тиімді және сапалы дайындайтын бірыңғай стандарт жоқ. Аталған құжат спортшыны спорт түрлері бойынша даярлау процесінің нормативін және барлық ақпаратты қамтуы тиіс: білім беру, теориялық және практикалық бағдарламалар, дайындықтың әрбір кезеңіне арналған әдістемелер, түгендеуді қолдану және т.б. Осыған байланысты спорт түрлері бойынша федерациялармен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты ұйымдастыру қажет», — деп атап өтті ведомство басшысы.

Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова өз сөзінде халықаралық спорт ұйымдарының тез өзгеретін талаптарын ескере отырып, бұқаралық дене шынықтыруды, оқу-жаттығу процесін ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін әзірлеуді тапсырды.

«2023 жылы бұқаралық спортқа жұмсалған қаржы өңірлердің бюджет қаражатының жалпы көлемінің небәрі 0,061% құрады. Сонымен қатар қаражатты бөлуде бұрмаланулар бар. Жоғары жетістіктер спортына жұмсалатын қаржы көлемі – 97,2 % болса, бұқаралық спортқа жұмсалатын шығыстар небәрі 2,8% құрайды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, бұқаралық спортты дамытудың тиімді құралы мектеп жасынан егде жасқа дейінгі спорт лигаларын дамыту, оның ішінде жарыс алдында тікелей спорт командаларын құрудан тұрақты жұмыс істейтін командаларға көшу жолымен дамыту. Бұқаралық спорт – болашақ чемпиондарды тәрбиелеу жолында баспалдақ болады, — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары мемлекеттік спорттық тапсырыстың іске асырылуына талдау жүргізуді және барлық кемшіліктер мен жұртшылықтың пікірін ескере отырып, одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Басты міндет – спорт секцияларын жан басына қаржыландыру шеңберінде балалар мен жасөспірімдерді толық қамтуды орындау.

«Саланы қаржыландыру тетігін қайта қарастыру қажет. Бүгінгі таңда біздің ұлттық құрама командалар үшін резерв дайындау жөніндегі спорттық ұйымдарымыз олимпиадалық емес спорт түрлерін дамытуға қайта бағдарланған. «Тірек» және медаль қажет ететін спорт түрлерін дамытуға назар аудара отырып, олимпиадалық басым спорт түрлерінің тізбесін оңтайландыру қажет. Сондай-ақ спорт федерацияларын аккредиттеу, олардың қызметі үшін жауапкершілікті арттыру және олардың санын оңтайландыру үшін жоғары талаптар қою қажет», — деді Тамара Дүйсенова.

Жиын барысында Туризм және спорт министрі халық арасында лудомания деңгейін төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Жалпы, 2021 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ойын бизнесі субъектілерінің саны 71-ден 29-ға дейін қысқарды. Сонымен қатар  түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 17 букмекерлік кеңсе өз еркімен лицензияларды қайтарды (2021 ж. — 9, 2022 ж. — 2, 2023 ж. – 6). Ал былтырғы тексеру нәтижесінде 9 букмекерлік кеңсенің, 5 тотализатордың және 1 ойын автоматтары залының лицензиясы тоқтады.

Толық ақпаратты Туризм және спорт министрлігінің ресми телеграм-арнасынан ала аласыз: https://t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi.

Толық трансляцияны келесі сілтеме арқылы көруге болады: https://youtube.com/live/Gj9efCMLk5A?feature=share