ҚР Жоғары Сот Кеңесінде Әзірбайжан судьяларының делегациясымен кездесу өтті

ҚР Жоғары Сот Кеңесінде Әзірбайжан Республикасының Жоғарғы Соты Азаматтық алқасының төрағасы, Сот-құқықтық кеңесінің мүшесі Санан Гаджиев бастаған Әзірбайжан судьяларының делегациясымен кездесу өтті.

Делегация құрамында әртүрлі сатылардың судьялары мен Кеңес аппаратының өкілдері бар.

Қонақтарды Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов қарсы алды.

Кездесуге сондай-ақ Кеңес мүшелері: О.Цай, А.Жакулин,Г.Шаров, Сот жюриінің төрағасы Н. Қайыпжан, аппарат басшысының орынбасары Л. Құрмантаева және Кеңес аппаратының қызметкерлері қатысты.

«Сіздің делегацияңызды қабылдау біз үшін үлкен мәртебе. Бұл біздің әзірбайжандық әріптестеріміздің алғашқы сапары емес және мұндай диалогты жалғастыру біз үшін өте маңызды. Сот корпусын қалыптастыру, судьялардың қызметін дайындау, іріктеу және бағалау мәселелерінде өзара тәжірибе алмасу біздің органдар арасындағы байланысты жетілдіруге және нығайтуға өз септігін тигізеді», — деп атап өтті Дмитрий Малахов өз сөзінде.

Делегация басшысы Санан Гаджиев сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге және судьяларды іріктеу, даярлау және тәртіптік жауапкершілік мәселелерінде ҚР Жоғары Сот Кеңесінің рөлін күшейтуге бағытталған реформаларды жоғары бағалады.

Бакинск Апеляциялық сотының судьясы, Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық Комиссияның бұрынғы басшысы Рамин Гарагурбанлы өз сөзінде Қазақстанның сот жүйесін, сондай-ақ судьялардың тәуелсіздігі мен қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ететін органдарды дамытудағы жетістіктерін атап өтті.

Тараптар судьяларды іріктеу және тағайындау саласындағы жүргізіліп жатқан реформаларды, олардың кәсіби қызметін бағалауды, судьялардың тәртіптік жауапкершілігінің ерекшеліктерін, сондай-ақ екі елдің Жоғары Сот Кеңестері арасындағы одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

ҚР Жоғары Сот Кеңесінің Баспасөз қызметі

Telegram-канал: ҚР Жоғары Сот Кеңесінде Әзірбайжан судьяларының делегациясымен кездесу өтті