Қуыршақ пен жүрек арасындағы сырлы байланыс

Қуыршақ театры – шынайы сезімді, үлкен еңбекті талап ететін ерекше өнер кеңістігі. Бұл жерде әр қимыл, әр үн – көрерменнің көңіл төріне жол табатын нәзік көпір іспетті. Қуыршақты жай ғана қозғалтпай, оған өмір, мінез, жан бітіру – тек нағыз өнер иелерінің қолынан келетін іс.

Осындай сирек кездесетін шынайы шеберлердің бірі – Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының талантты актері Алтай Тәуекелов. Ол сахнада бейнелерге жан беріп қана қоймай, әр образды жүрекпен сезініп, көрерменге шынайы эмоция жеткізе біледі.

Біз бүгін Алтай Тәуекеловпен шығармашылық әлем, актерлік шеберлік, қуыршақ театрының терең сырлары жайында сыр шертіскен едік.

– Алтай аға, қайырлы күн. Сіздің шығармашылық жолыңызды зерттеп отырсам, драма театры актерін бітірген жансыз. Қуыршақ театрына келу жолыңыз бен алғаш келгенде қандай сезімде болдыңыз?

Студент кезімізде 4-курста облыстарға практикаға жіберетін. Бізді Ақтөбе қаласына жіберді. Сол жақта біраз келіспеушіліктер болды. Театр ашылмақ болған, бірақ қолдау болмады. Осы кезде бізді бастап барған ұстазымыз, режиссер Сұлтанғали Шүкіров ағай «Сендерді жұмыссыз қалдырмаймын, өнер адамы жерде жатпау керек» деп осы театрға алып келді. Сол кісінің қамқорлығының арқасында театрда жұмыс істеп кеттік. Дипломдық жұмысымызды да Ақтөбеде өткіздік. Сол жерде гастрольмен жүрген қуыршақ театрының әртістерімен танысып, бауыр басып қалдық. Кейін келгенде олар бізді жылы қарсы алды. Сондықтан ерекше бір қиыншылық бола қойған жоқ.

Қуыршақ театрында жұмыс істегенде қандай қиындықтармен кездестіңіз?

Біз 2000 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірдік. Алайда қуыршақ бөлімі емес, драма және сөз сөйлеу жанры бойынша білім алдық. Сол жылы осы қуыршақ театрына режиссер болып келген ұстазымыз бізді өзіне жұмысқа алды. Содан бері бұл театрда жұмыс істеп келе жатқаныма биыл 25 жыл толып отыр. Бастапқыда қуыршақты жүргізу өте қиын болды. Себебі оқу барысында біз қуыршақпен жұмыс істеп көрмедік. Кейін бұл жерде Сабила апайымыз бен Серік Мақұлбеков ағайымыз бізге қуыршақтың қыр-сырын үйретті. Осы екі ұстазымыздың арқасында қуыршақпен жұмыс істеуді бастан-аяқ меңгердік. Қуыршақтың жүріс-тұрысы, іс-қимылы, оны қалай ұстау керек – соның барлығын үйрендік.

Әрине, бұл бір күнде меңгерілетін дүние емес. Жылдар бойы дайындалып, тәжірибе арқылы ғана қалыптасады. Жалпы бір қуыршақпен жұмыс істеу үшін кем дегенде бір айдай уақыт кетеді. Оның жүрісі, тұрысы, мінез-құлқы, эмоциясы – бәрі зерттеледі. Қуыршақ қалай жүреді, қалай отырады, тұрады, көреді, сөйлейді – соның барлығын қойылым барысында зерттеп, жан бітіресің. Кейде қуыршаққа қарап отырып, шын берілсең, оған жан біткендей болады. Өз жаныңды, тәніңді салып ойнасаң, қуыршақ өздігінен тіріліп, қимылдап жатқандай әсер береді. Сен тек оның басын ғана ұстап тұрғандай боласың. Ал егер «қойшы, істей саламын ғой» деп салғырт қарасаң, не сынуы мүмкін, не жүрмейді, қиналып қаласың. Қысқасы, тоқырауға ұшырайсың.

Сөзіңіз өте орынды. Қойылым тамашалап отырып соның бәрін сезіндім. Балалар түгілі, өзім де қатты беріліп қарадым. Әрбір қуыршақтың эмоциясы анық көрініп тұрды. Қарап отырып таңғалдым – қаншама қуыршақтың мінезін ашып, даусын салып, эмоциямен ойнатып, балалардың назарын ұстап тұру – бұл қиынның қиыны екен.

Әрбір қуыршақтың мінезін ашу үшін көп еңбек қажет. Қуыршақты қолыңа алып, «мен былай істей салам, оңай ғой» деу өте қиын. Қуыршақтың іс-қимылын үтір-нүктесіне дейін анықтап, дәл тауып жұмыс істемесең, ол қозғалмайды. Өйткені өлі затқа жан бітіріп, тірілту – актердің басты міндеті.

Қуыршақ театрының репертуарындағы ересектерге арналған қойылымдар туралы сөз өрбітсек.  

Біздің репертуарда ересектерге арналған кешкі қойылымдар қойылады. Мысалы, «Ана – Жер-Ана», «Медея», «Ромео мен Джульетта», «Абай», «Шекпен» сияқты спектакльдеріміз бар. Бұл қойылымдардың ішінде де қуыршақтар ойнайды. Драма театрымен салыстырғанда, біздің жұмысымыз екі есе ауыр деуге болады. Драма театрында актерге рөл берілсе, ол кейіпкердің жасын, жүріс-тұрысын, дауыс мәнерін, мінезін зерттеп, талдап, сахнаға шығарып ойнайды. Ал біз де сол жұмысты істейміз, бірақ оған қоса қуыршақты жүргізіп, оның іс-қимылын да сахнада тірілтеміз. Қуыршақты жүргізіп жатқанда, бар назарың оның қозғалысына ауып кетеді – «жүріп жатыр ма, жоқ па?» деп ойланасың. Ал сол сәтте сөзіңді ұмытып қалуың мүмкін. Керісінше, сөзіңе назар салсаң, қуыршақтың қозғалысы бұзылады. Сондықтан біз екі жұмысты қатар алып жүреміз – әрі кейіпкердің сөзін айтып, әрі қуыршақты тірілтеміз.

Өз басым «Ана-Жер Ана» қойылымында Сұбанқұлды ойнаймын, «Макбетте» Карольдің рөлін сомдаймын. «Ана-Жер Анада» үш Толғанай бар, мәтін өте көп. Бұл қойылымда менің кейіпкерім – соғыста қайтыс болған Сұбанқұл. Ол сахнада елес ретінде қуыршақ арқылы көрсетіледі. Бұл рөл мені қатты әсерлендірді. Қойылым кезінде өзімді соғыстың ортасында жүргендей сезінемін. Қатты жылағым келеді. Іштей «Құдайым, соғыс болмасыншы, бейбіт өмірде өмір сүрейікші» деп тілеймін. Толғанай күйеуінен, үш баласынан айырылып, жылап отырғанын көріп, жүрегім езілетіні бар. «Макбет» қойылымында байлық пен таққа талас, адам бойындағы ашкөздік секілді дүниелер қозғалады. Сонау атам заманнан келе жатқан проблемалар әлі күнге дейін бар. Жақсылық пен жамандықтың күресі – мәңгілік тақырып.

Қуыршақ театрының құпиялары мен қызықтары туралы не айта аласыз?

Режиссер жаңа қойылым қою үшін келсе, ең алдымен бізге қуыршақты алып келеді. Қолымызға алып, алғаш ұстаған сәттен бастап ойлаймыз: бұл қандай кейіпкер, қалай ашамын, қалай алып жүремін? Ол жануар ма, адам ба? Түрлі кейіпкерлер болады. Кейін дайындық барысында қуыршақпен танысып, біртіндеп байланыс орнайды. Уақыт өте келе кейде сен қуыршаққа беріле бастайсың, кейде қуыршақ саған беріледі. Қарап отырсаң, бұл жерде ешқандай сыр да, құпия да жоқ – тек қана жұмыс. Біз көбінесе қуыршақтың бет-әлпетіне қарап отырып, «бұның мінезі қандай?» деп ойланамыз. Қуыршақпен сөйлесіп, ішкі әлемін іздейміз.

Әр қуыршақ бірден жасалып кете салмайды. Аю болса, «аю ғой» деп қарамаймыз. Әр жануардың өзіне тән қимылы, ерекшелігі бар. Мысалы, аю қорбаңдап, асықпай қозғалады. Қоян – шапшаң, қорқақ. Біз осы ерекшеліктерді зерттейміз, ал шеберлер қуыршақты соған қарап жасап береді. Біз сол қуыршаққа қарап отырып, мінезін, жүрісін, қимылын іздейміз. Қарап тұрсаңыз, драма театр мен қуыршақ театры арасында ешқандай құпия жоқ.  Бәрі ашық. Меніңше, басты айырмашылық – атауында. Біз – қуыршақ театры, жұмысымыз да соған тікелей байланысты. Драма театрының актері кейіпкердің мінезін өз бойынан іздейді, ал біз оны қуыршақтан іздейміз. Бар айырмашылық осы.

Театрда жұмыс істеген кезде ұжым ішіндегі қарым-қатынас пен серіктестік қаншалықты маңызды?

Біз театрда жұмыс істегендіктен әріптестерімізбен тығыз қарым-қатынаста болуымыз керек. Мысалы, қойылым кезінде әріптесіңмен ұрысып қалсаң, ол бүкіл жұмыс процесіне әсер етеді. Сондықтан бір-бірімізге түсіністікпен қарап, шығармашылық тұрғыда бір-бірімізге сын айтып, көмектесуге дайын боламыз. Шыны керек, ұжымымызда барлығы мәдениетті, салмақты. Ешкіммен қырылысып, бет жыртысып жатпаймыз. Өйткені біз – өнер адамымыз.

Қойылымдағы рөлге қалай бекітілесіздер?

Біз – командамыз, және әр актердің өзіне тән ерекшелігі бар. Мысалы, өзіңіз көрген соңғы қойылымда мен екі рөлді қатар алып шықтым. Бірі – Жұт, екіншісі – Ханзада. Кейде бір актер 2-3, тіпті 4 рөлге дейін ойнайды. Бұл – бір ғана қойылымда. Сондықтан бізде «мынау менің рөлім» деп шектеліп қалуға болмайды. Қаншама кейіпкер бар, ал ойнап жүргеніміз – төрт-бес-ақ актер. Иә, бірақ сахнада көп кейіпкер бар сияқты көрінді. Әр кейіпкерге дауыс та, қимыл да өзгереді. Бір сахнадан екіншісіне ауысқанда рөл де, көңіл-күй де ауысады. Сондықтан біз бір қойылымда бірнеше рөлді алып шығамыз.

Инстаграм парақшаңызды қарап отырып шетелге жиі шығатыныңызды байқадым. Қай елдің қуыршақ театры ерекше әсер етті? Қандай тәжірибе алдыңыз?

Біз былтыр қазан айында Гүржістанға гастрольдік сапармен бардық. Бұл халықаралық фестивальге 10 ел қатысты. Біз «Макбет» қойылымын апардық. Гүржістанның төрт қаласында қойылым қойдық. Сонда көптеген елдердің, әсіресе Испания, Италия, Гүржістанның қойылымдарын көріп, көп тәжірибе жинадық. Еуропаның қуыршақ театрлары біздікіне мүлде ұқсамайды. Олар біздің қуыршақтарға таңғалып жатты. «Сендер «Макбетті» қуыршақпен ойнап жүрсіңдер ме?!» деп тамсанды. Ал біз олардікін көріп таңғалдық. Гүржістанда планшетті қуыршақтар көп. Бір қуыршақты 3-4 адам жүргізеді. Бізде де ондай бар. Әр елдің өзіндік ерекшелігі бар. Қойылымдарды қарап отырып «мына жерін өзімізге алсақ болады екен» деп, пайдалы дүниелерді түртіп аламыз. Ал олар бізден үйренеді. Режиссерлер де бір қойылымды екінші рет қойғанда өзгертіп, жаңартып отырады. Мысалы, Гүржістанда «Алиса ғажайыптар елінде» қойылымынан бірнеше элементтің басқа қойылымдардан алынғанын байқап қалдым. «Аа, мынау жерін ана қойылымнан алған екен ғой» деп. Қазір кім ұрламайды, бәрі ұрлайды. Бірақ оны дәл солай көшіру емес, өз тәжірибеңмен байытып, жақсырақ қылып шығару маңызды. Драма театрда да солай, кейде ұқсастықтар болып жатады.

Қуыршақ театрының танымалдығы туралы не айта аласыз? Неліктен ол ерекше?

Былтыр біздің «Ромео мен Джульетта» қойылымымыз Канадада өткен фестивальде бас жүлде алып келді. Өкінішке қарай, мен ол сапарға бара алмадым. Бірақ әріптестерімнің айтуынша, көрермендердің қызығушылығы өте жоғары болған. «Қуыршақ театры Ромео мен Джульеттаны қалай қояды екен?» деп қатты таңғалыпты. Қойылым біткеннен кейін көрермендер ұзақ қол шапалақтап, ерекше әсерде болған. Айтуларынша, өте керемет, ерекше қойылым болды деп баға берген.

Шын мәнінде, әр елдің қуыршақпен жұмыс істеу тәсілі басқа елге өте қызық болып көрінеді. Мысалы, Болгарияда қойған «Қуыршақ думан» қойылымымыз да үлкен ықыласпен қабылданып, біз ол қойылымды сол жерде екі рет қатарынан қойдық. Көп адам қуыршақ театры тек балаларға арналған деп ойлайды. Бірақ бұл – қате түсінік. Негізі қуыршақ театры алғаш үлкендерге арналып ашылған. Тек 50-60 жылдары «балаларға көңіл бөлінбей жатыр» деген себеппен қуыршақ театрын балаларға бейімдеп жіберді. Содан бастап драма театр – үлкендерге, қуыршақ театры – балаларға арналған деген көзқарас қалыптасты. Бірақ шын мәнінде, 60-шы жылдарға дейін қуыршақ театр ересектерге арналған болатын.

Шетелде қуыршақтардың дизайны ерекше бола ма? Бізден өзгеше ме?

Иә, бізде қуыршақтарды қолмен жасайды, арнайы мастерлер бар. Бір қойылым қою үшін ұзақ уақыт қажет – қуыршақтардың жасалуын күтеміз. Ал

Болгарияға барғанымызда қуыршақтарды компьютермен жобалап, костюмін қолдан тігіп жасап жатқанын көрдік. Цехқа бардық, суретші келіп эскизін берді, олар бір күннен кейін дайын қуыршақты әкеліп берді. Әрине, біз таңғалдық. Ал бізде бір қуыршақты жасау үшін көп уақыт кетеді. Оның үстіне мастерлер де жетіспейді. Қазір бізде қуыршақтарды Николай Проскурин деген шеберіміз жасайды. Суретші эскизін береді, ол соған қарап жасап шығады, ал біз дайын болғанын күтіп отырамыз.

Шыны керек, бізде қуыршақ жасайтын мамандар аз, тіпті жоқтың қасы.

Иә, расында солай. Мастерлер өз қызығушылығымен келіп, үйреніп, жасап жүр. Оның үстіне қуыршақ бөлімі де өте сирек ашылады. Мысалы, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде қуыршақ бөлімі тек 4 жылда бір рет қана ашылады. Бұрын бұл мамандық өнер академиясында болған, кейін алып тастады. Серік Мақұлбеков ағамыз сол бөлімде 4 жылда бір рет студент қабылдап, дайындайтын. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Бұл салаға әлі де қолдау керек.

Сұхбатымыздың соңында оқырмандарға, болашақ актерлерге, жалпы театрға қызығушыларға айтарыңыз бар ма?

Ең бастысы – өнерді жүрекпен қабылдау керек. Қуыршақ театры болсын, драма театры болсын, бұл – жай ғана жұмыс емес, бұл – жан дүниеңмен айналысатын кәсіп. Егер сен сахнаға шыққанда өзіңді емес, кейіпкеріңді ойласаң, қуыршақтың жанын тауып, соның өмірін сүре білсең – сол нағыз өнер. Жастарға айтарым – қандай салада жүрсеңдер де, ең бастысы, адал еңбек етіңдер, сахнаға деген махаббаттарың сөнбесін. Өнер жолы – оңай жол емес, бірақ таза жүрекпен келген адамды бұл жол ешқашан адастырмайды. Театр – тәрбие құралы. Ал қуыршақ театры – соның ерекше түрі. Сондықтан театрды жақсы көріңіздер, келіңіздер, көріңіздер, қолдаңыздар.

Сұхбаттасқан – Бұлбұл ӘЛМҰҚАМЕТ,

Кинотеледраматургия мамандығының 2 курс студенті