Қуыршақ театры Наурыз мейрамына орай жаңа спектакль ұсынды

Мемлекеттік қуыршақ театры биылғы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына ерекше тарту әзірледі. Театр сахнасында «Наурыз құпиясы» спектаклінің премьерасы өткізілді. Қазақы рухани құндылықтарды дәріптейтін жаңа туынды 23 наурызға дейін бүлдіршіндері қуантып, танымдық мазмұндағы идеялармен ой-өрістерін кеңейтеді.
Бұл туынды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің бекіткен «Наурызнама» тұжырымдамасына негізделе қалыптасқан. Әр күннің өзіндік мағынасы бар мерекелік онкүндік шеңберінде спектакль көрермендерге әз-Наурыздың символдық мәнін айшықтап, халқымыздың таным-түсінігін, салт-дәстүрлерін, наным-сенімдерін дәріптейді. Бауырмалдық пен мейірімділікке, қамқорлық пен жанашырлыққа, рухани тазару мен жандануға зейін салатын спектакль ұлттық киімдердің, спорт түрлерінің және мәдени мұралардың маңызын көрермен санасына дарытады.
Спектакльде Қыдыр ата, Күн мен Түн, сондай-ақ Тышқаннан бастап Доңызға дейінгі жыл иелері сынды кейіпкерлер көрерменді қазақы мифология әлеміне жетелейді. Оқиға желісі бойынша ерекше мінез бен қабілетке ие жануарлар өз таланттарын көрсетіп, Жыл иесі мәртебесіне лайық екендерін дәлелдеуге тырысады. Күн мен Түн әділ қазылық жасап, қатысушылардың ақылдылығы, айлакерлігі, шапшаңдығы мен тапқырлығын бағалайтын өнер сайыс ұйымдастырды. Бұл интерактивті элементтер спектакльді одан әрі қызықты етіп, көрермендерді оқиғаға тікелей қатыстырды.
«Театрымыздың 90 жылдығы аясында көрермен назарына ұсынып отырған осы алғашқы премьерамызда қуыршақ өнері мен қазақы фольклор тың үйлесімділік тың үйлесімділік тауып отыр. Ерекше қуыршақ кейіпкерлер, көз тартарлық костюмдер және динамикалық сюжет «Наурыз құпиясы» спектаклін балаларға да, ересектерге де қызықты етеді. Оның үстіне, жаңа шығармашылық туындымыз театрдың тарынды артисі Шохан Құлназаровтың режиссер ретіндегі дебюттік жұмысы болып отыр. Өзінің әр роліне аса ұқыптылықпен қарайтын, талант пен еңбекті ұштастырып жүрген артисіміздің шығармашылық талпынысы мен ізденісіне осылайынан қолдау білдіргенді жөн деп шештік», – деді театр директоры Алмат Амангелді.
Наурыз – жаңару мен татулықтың, жақсылық пен үміттің мейрамы. «Наурыз құпиясы» спектаклі көрермендерге бұл мерекенің терең мағынасын сезінуге мүмкіндік береді. Қуыршақ театры баршаңызды осы ерекше қойылымды тамашалап, жеңімпазды бірге анықтауға шақырады! Бұл спектакль мерекелік бағдарламаның көркін кіргізіп, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйламақ.
Дамир АМАНТАЙ